Толқын » Жаңалықтар » Елімізде бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімі ұлғайтылуы мүмкін
Елімізде бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімі ұлғайтылуы мүмкін
Қазақстанда бала күтіміне берілетін жәрдемақы мерзімін ұлғайту ұсынылды. Жақыпова министрліктің барлық ұсынысы елдің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асатынын айтты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны төлеу мерзімін ұлғайту туралы мәселені көтеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Бұл туралы бүгін үкімет кулуарында вице-министр Светлана Жақыпова мәлімдеді. Ол министрліктің барлық ұсынысы мен жаңашылдығы елдің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асатынын айтты. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттік демалыста отырған әйелдерге жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Белгілі бір есептеулермен республикалық бюджеттік комиссияға өтінім бердік. Тағы да қайталап айтамын, бүгінгі таңда барлық ұсыныс пен жаңашылдық елдің экономикалық мүмкіндіктеріне тәуелді. Әзірге бұған қатысты оң жауап болған жоқ. Қазір тағы да негіздеп, өтінім береміз», -деді Жақыпова Астанадағы трагедияға қатысты түсініктеме берген кезде. Вице-министр көп балалы отбасы тұрмысы төмен отбасылар тізімінде тіркелмегенін атап өтті. Марқұм қыздардың ата-анасы мемлекеттен берілетін барлық төлемді алып отырған. Сонымен қатар, журналистер Жақыповадан кейбір аналардың сәбиі бір жасқа толмай жатып, неге жұмысқа шығып кететінін сұрады. «Бұл мінез-құлық факторы. Өкінішке қарай, біз әйелдердің құқығын шектеп, сен жұмысқа шықпайсың деп айта алмаймыз. Алайда балалардың алдындағы азаматтық жауапкершілікті олар өз мойнына алады. Егер ол өз балалары үшін қауіпсіз жағдай жасаса, онда жұмысына шыға берсін», — деді вице-министр.