Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл коммуналдық тарифтер 30% қымбаттайды – Әлихан Смайылов

Биыл коммуналдық тарифтер 30% қымбаттайды – Әлихан Смайылов

Биыл елімізде коммуналдық тарифтер 30%-ға қымбаттайды. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Премьер-Министр бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін айтты. Оны жақында ғана Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында болған апаттан да анық байқуға болады, апаттың салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Өткен жылыту маусымы да проблемалардың көп екенін көрсетті.

Үкімет басшысының айтуынша, барлық инфрақұрылым объектісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет, себебі олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді.

«Тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.

«Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруге тиіспіз», – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келетінін, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салынбағанына тоқталды. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды.

Ал энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Металл мен құбырлардың, арматура мен электротехникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастады. Бұл ретте кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады.

Бұған қоса 2021 жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы пайда болды, осыған байланысты электр қуатын ұлғайту керек.

«Сондықтан тарифтерді өсіру – қажеттілік. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау” қағидатын енгізетін болсақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынына сенімді боламыз. Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық принциптеріне негізделетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер, нормативтік құқықтық актілер қабылданды», -деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, бұрын мемлекет инвестициялық бағдарламаларды және табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін түзете алмайтын еді. Енді оған мүмкіндік бар.

Оған қоса Үкімет басшысы тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейтінін айтты.

«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нан асып кеткен жағдайда төленеді», – деді Үкімет басшысы.
12 шілде 2023 ж. 166 0