Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "6 секунд ішінде": Астанада латын қарпіне көшуге арналған ІТ-жобалар таныстырылды

"6 секунд ішінде": Астанада латын қарпіне көшуге арналған ІТ-жобалар таныстырылды

Мәдениет және спорт министрлігі латын қарпіне көшу аясында бес іргелі жобаны іске қосты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астанада латын әліпбиіне көшуге арналған ІТ-жобалар таныстырылды. "Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі" ІТ-тұсаукесер рәсімінде бес жоба таныстырылып, онлайн-конвертер жүйесінің мүмкіндіктері көпшілікке паш етілді.
Латын графикасындағы қазақ әліпбиін үйретуге бағытталған Qazlatyn.kz ұлттық порталы пайдаланушыларға латын графикасына көшу кезеңдері жөнінде барлық мәлімет пен ақпаратты ұсынады. Көпфункционалды конвертер арқылы кез келген мәтінде кириллицадан латынға, латыннан кириллицаға, сонымен бірге төте жазуға аударуға болады.
Тұсаукесер рәсімі барысында онлайн конвертер жүйесі "Абай жолы" романының бірінші томының мәтінін 6 секунд ішінде латын қарпіне аударып берді. 
Сонымен қатар, машиналық оқыту негізінде мемлекеттік тілді үйретуге арналған Tilqural.kz веб-сервисі және қазақ тіліндегі 320 мың сөздің сипаттамасын көрсететін электронды Sozdikqor.kz іздеу жүйесі ғаламтор кеңістігіне қосылды.
Латын әліпбиіндегі қазақша пернетақта
Sozdikqor.kz іздеу жүйесін мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тапсырмасымен iCoder компаниясы әзірлеген.
"Қазіргі кезде бұл порталда 320 мың сөз жинақталған. Әрбір сөздің түсініктемесі, дыбысталуы бар. Болашақта сөздік қор толықтырыла түседі", - деді компания директоры Рымбек Ізғали.
Оның айтуынша, болашақта порталдағы сөздердің орыс, ағылшын, француз тілдеріндегі аудармасы қолжетімді болады.
"Порталды әзірлеуге 8 миллион 200 мың теңге жұмсалды", - деді Ізғали.
Сонымен қатар, балалардың жаңа қазақ әліпбиін жылдам үйренуіне 3D форматта әзірленген "IQdos" мультфильмі мен латын әліпбиінде титр жасалып, дубляждалған "Селтең сері" анимациялық фильмі көмектеседі.
Ал "Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы" атты электронды алаң қазақ тілінің терминологиялық базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. 
ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына " ұлттық ғылыми зерттеу орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешов биыл латын қарпін көпшілікке үйрету үшін мамандар даярланатынын атап өтті.
"2019 жылдағы басты міндет – бекітілген емле ережені халыққа үйрету. Ол үшін мамандар даярлау қажет. Соған байланысты білім және ғылым министрлігі биыл 9038 адам, ал мәдениет және спорт министрлігі 2400 адамды оқытуды жоспарлап отыр", - деді ол.
Айтуынша, "Тіл-Қазына" орталығы мемлекеттік тілде оқыту орталықтың ұстаздары мен әдіскерлерін оқытса, білім министрлігі мектеп, колледж, университтерді қамтиды.
"Ең бастапқыда халықты оқытатын оқытушылардың контингентін дайындауымыз керек. Соған байланысты 72 сағаттық бағдарлама әзірледік. Наурыздың соңына таман оқу құралын аяқтаймыз", - деді Тілешов.
sputniknews.kz
11 ақпан 2019 ж. 1 073 0