Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттік жастар кадр резервіне жаңа резервшілер іріктеледі

Президенттік жастар кадр резервіне жаңа резервшілер іріктеледі

Бүгін ӨКҚ брифингінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Мұрат Әйтімов Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты.

Департаментінің басшысының айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады:
•Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
•Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
•Сыртқы саясат және инвестициялар;
•Экономикалық және қаржылық саясат;
•Цифрландыру;
•Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде.
Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.
Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.
Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Департамент басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.
Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
«Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды», – деді Ерлеген Мендалиев.
Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.
Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.
Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.
Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.
ПЖКР талаптарына сәйкес Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Ерлеген Мендалиевтің айтуынша, Агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
Брифинг соңында Департамент басшысы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.
Атап өту керек,2019 және 2021 жылдарырезервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылды.
Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті
23 тамыз 2023 ж. 168 0