Көшербаев сырға толы Сырдың жайын айтты

Қызылорда — күріш өсіруден белгілі аймақ. Күрішті өңірдің әкімі Қырымбек Елеуұлы xалық алдындағы есептік кездесуінде аталмыш дақылды өсіріп отырған шаруаларға алғыс айтты. Шаруалар күріш егістігінен жемісті болып, өткен жылы өнімді көбірек өндіріпті. Нәтижесінде елімізді толық қамтып отыр. Тіпті Моңғолия, Түркия, Иран елдеріне де барсаңыз Қызылорданың күрішінен дәм татасыз. Яғни, аталған үш мемлекетке ақ алтын экпортқа шығады екен.
Арал теңізімен аты шыққан облыста балық шаруашылығы да жандана бастаған. Елімізді балық өнімімен қамтып отырған Қызылорда өткен жылы аспан асты елі Қытайға 80 тонна балық жіберген. Бұл туралы да бейнеролик көрсетілді. Театр саxнасының қақ ортасында тікесінен тік тұрып баяндама жасаған Көшербаев әрбір атқарылған жұмысты арнайы бейнефильмдер арқылы көрсетіп отырды. Халық алдындағы тыңғылықты дайындық деп осыны айтсақ болар.
Қызылорда облысындағы аудан, қала, ауыл әкімдері бюджет қаражатын үнемдеуді үйренген. Ол үшін инвестиция тартуды басты орынға қойыпты. Елбасының дәл осы тапсырмасына ден қойып, инвесторлармен жұмыс жасап жатыр екен. Қырымбек Елеуұлы есептік кездесуде ұстаздарға ерекше алғыс айтты. Өйткені Сыр елінің түлектері соңғы екі жылда білім саласынан озық орынға шығып, жоғарғы оқу орындарында санынан да, сапасынан да көзге түскен. Облыстың әкімі білімге ұзағынан тоқталып, салаға салмақты әрекет қажет деп ұстаздар мен ата-аналарға жүк артты. Балаға білім беруге дұрыстап қарауды айтып, мықты мысалдармен тақырыпты қозғады. 2018 жылы үш аусымды мектеппен қош айтысқан аймақтағы білім осылайша дамып жатыр екен.
Қырымбек Көшербаев есептік кездесуді ашық өткізді. Ол үшін Уoutubе пен Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфир жүрді. Жиын соңында дәл қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселе болып отырған жайтқа тоқталды. Көп балалы аналарға жасалатын жағдай қолға алынатынын, бар мүмкіндікті қарастыратынын айтты. Әкім Көшербаев проблема бар деп мойындады. Тек ашуды ақылмен жеңіп, аналарды сабырға шақырды. «Елбасы елмен бірге», — деп ойын аяқтаған Қырымбек Елеуұлы баяндамасынан кейін, жергілікті xалықтың сұрағына құлақ түрді. Қойылған сұрақ аз емес. Аймақ басшысы көтерілген сұрақтарға салмақты, тұшымды жауап берді.
Алаштың анасы — Сыр елінің тұрғындары сөзге тоқтайтын, қазақы қалпы сақталған. Мұны, біз есептік жиында аңғардық. Сұрақ қойғысы келіп, мәселе көтергісі келген ағайынды аузы дуалы ақсақалдың батасы тоқтатты. Атадан бата алған азбайды. Білген адамға батадан бағалы түйін жоқ. Осылайша, Қырымбек Елеуұлының үш сағатқа созылған 2018 жылдағы атқарған жұмысына нүкте қойылды.
aigak.kz