Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “Арал Ару ана” ҚБ Ерекше балаларға шаттық сыйлады

“Арал Ару ана” ҚБ Ерекше балаларға шаттық сыйлады

“Арал Ару ана” ҚБ Ерекше балаларға шаттық сыйлады. Аралдағы экологиялық проблеманың салдарынан қазіргі күні өмірге келген балалардың денсаулығында көптеген ақаулықтар байқалған. Мұндай ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Осы мақсатта ауданда «Арал Ару – Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Ибраимова 2021 жылы «Ерекше» балаларға арналған балаларды дамыту орталығын ашты.
Бала – еліміздің болашағы. Олардың жақсы өмір сүріп, азамат болып қалыптасуы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Өмірге бірдей болып келгенімен, әрбірінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ауданда 80-ге жуық бүлдіршін әртүрлі диагноз бойынша ерекше күтімді қажет ететін бала ретінде тіркеуге алынған. Аталған орталықты ашудағы басты мақсат – осындай балалардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, әлеуметтік бейімделуге және денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасау.
– Өкінішке орай, ауданымызда ерекше күтімді қажет ететін балалардың қатары күн санап артып келеді. Ал оларды дамытып, қоғамға бейімдейтін орталықтар аз. Сондықтан мен өзімнің осы жобамды әзірлеп, Тұңғыш Президент қорына ұсынған болатынмын. Қорға ұсынылған 200-ден астам жобаның ішінде менің жобам үздік деп танылып, гранттық қаржыны ұтып алдым. Өздеріңіз куә болып отырғандай, бүгін орталығымыз салтанатты түрде ашылды. Алдағы уақытта нәтижелі жұмысына куә боласыздар, – деді жоба авторы Лаура Қолғанатқызы.
Орталыққа аптасына 3 рет ерекше күтімді қажет ететін балалар кезектесіп келіп отырды. Балалармен арнайы мамандар жұмыс жасады. Орталық балалардың білім алуына, ақыл-ойын дамытуына және шығармашылықпен айналысуына қолайлы етіп жабдықталды. Осылайша аз уақыттың ішінде көптің ықыласына бөленген еді.
Н. БАҚЫРАН
08 қыркүйек 2023 ж. 221 0