Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларға шаттық сыйлаған орталық

Балаларға шаттық сыйлаған орталық

Бала – елдің болашағы. Қазіргі таңда олардың тұлға ретінде қалыптасуына бар жағдай жасалған. Сондай-ақ балаға бақытты балалық шақ сыйлау мақсатында да түрлі жұмыстар жүргізілуде. Аралдық балақайлар да мұндай бақыттан кенде емес. Ауданда балалар үшін түрлі ойын орталықтары мен алаңқайлар пайдалануға берілуі осының дәлелі. Өткен жылы ауданда 4 ойын орталығы іске қосылған еді. Биыл балаларға шаттық сыйлайтын тағы бір орталық өз жұмысын бастады.Жеке кәсіпкер Бексұлтан Мұсаев жеке қаражаты есебінен «Играй-ка» ойынсауық орталығын ашып, балаларға шаттық сыйлады. – Көптен бері балалар ойын-сауық орталығын ашуды жоспарлап жүрдік. Жанжақты зерттеп, мұқият сүзгіден өткізген соң ғана қолға алдық. Себебі мұнда кішкентай балақайлар келеді. Оларға жайлы жағдай мен қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте сақталуы керек. Біздің ойын-сауық орталығы көлемі жағынан кең. Балаларға емін-еркін ойнауға жағдай жасалған. Бір мезетте 50 баланы қабылдауға мүмкіндік қарастырып отырмыз, – дейді кәсіпкер. «Играй-ка» балаларға арналған ойынсауық орталығында балалардың уақытын қызықты да көңілді өткізуіне арналған батутты аймақ, лабиринттер, ойын комплекстері мен әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі барлық ойын құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда келушілер балаларды ойнатып қана қоймай, жылдам тамақ түрлерін де тұтына алады. – Келушілерге барлық жағынан жайлы жағдай жасағымыз келді. Көбіне балалар қызық қуып ойнап жүргенде үлкендер жағы шаршайды. Сондықтан олардың отырып демалып, тамақтануы үшін асхана жұмысы да іске қосылды. Асханада фаст-фуд тағамдары ұсынылады және түрлі сусындар да бар, – деді Бексұлтан. Мұндағы түрлі тербелмелі әткеншектерде ойнау үшін бір балаға екі сағаттық ойынға 1000 теңге төлем жасайсыз. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда тегін ойнап, өз уақытын қызықты өткізе алады. Жұма күні күндізгі сағат 11.00 мен 18.00 аралығында 50 пайыздық жеңілдік те қарастырылған. Балалардың қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы 4 қызметкер бар. Олар қызық қуып жүрген бүлдіршіндердің тосын жағдайға тап болмауы үшін жауапты. – Алдағы уақытта тағы да әткеншектер мен түрлі ойнауға арналған құрылғыларды алдыруды жоспарлап отырмыз. Қазір күн жылып келеді. Ойын орталығының іші ғана емес, сыртында да ойнайтын құрылғылар, батут келетін болады. Және барлығы қауіпсіздік үшін арнайы қоршалады, – деген Бексұлтан өз жоспарларын да ортаға салды. Орталықта ақыл-ойды дамытатын ойын түрлері де бар. Барлығы жас ерекшеліктеріне қарай қарастырылған. Балаларға жайлы жағдай жасау елдің келешегінің кемелділігін айқындай түссе керек. Бүгін өзіне керектіні қоғамнан ала алған балақай, ертең барын елге беретін азамат болып өсеріне сенеміз. Осы тұрғыда балаларға арнап ойын орталығын іске қосып, бүлдіршіндерді қуантып отырған кәсіпкер Бексұлтан Мұсаевтың алдағы жұмысының нәтижелі боларына сенім мол.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 сәуір 2023 ж. 331 0