Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу беру маусымы назардан тыс қалмады

Жылу беру маусымы назардан тыс қалмады

Жылу беру маусымы қарсаңында аудан көлемінде біршама жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Аудан әкімімен бірге жауапты сала мамандары да бұл жұмысты басты назарға алды.
Таяуда аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Жетес би, Қосжар ауылдық округтеріндегі әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындық барысын саралап өтті.
Алдымен аудан басшысы Жетес би ауылдық округінде болып, жаңадан сайланған ауыл әкімін елді мекен тұрғындарына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегі күні ауыл әкімінің сайлауы өтіп, онда тұрғындардың басым дауысымен Райымбай Жолмырзаев жеңіп шыққан болатын. Райымбай Жолдасұлы 1972 жылы Райым елді мекенінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1990 жылдан бастап білім беру саласында еңбек етіп келеді. 2017-2023 жылдары №281 негізгі мектебінің директоры қызметін атқарған.
Мұнан соң аудан әкімі №72 орта мектепте болып, білім ұясының қысқы жылыту маусымына дайындық барысын бағамдады. Тиісті сала басшыларына отын қорын жинақтау мен дайындық шараларына ерте бастан қамдану керектігін айтып өтті.
Мұнан соң аудан басшысының жұмыс сапары Қосжар ауылдық округінде жалғасып, атаулы ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, теңізді өлкеде атқарылып жатқан толымды тірліктерді ортаға салды. Сондай-ақ алдағы атқарылар жұмыстар туралы баяндады.
Аудан басшысы елді мекендегі әлеуметтік нысандардың жұмыс барысын саралап, халық үшін қажетті деген ғимараттардың тоқтаусыз жұмыс істеуін, оның ішінде білім беру мен медициналық орталықтардың қысқы маусымда отын қорымен толық қамтамасыз етілуін ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Сонымен бірге аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кенті мен Қосаман, Мергенсай ауылдық округтерінде болып, бірқатар маңызды салалардың жұмыс барысын бағамдап, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Жылу беру маусымы күн тәртібінде. Осыған орай аудан басшысы Сексеуіл кентіндегі «Нұрайжан» ЖШС-нің отын қоймасында болып, көмір жеткізумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда аудан әкімі қыс маусымының ерте басталуын ескеріп, қажетті қатты отынмен кентті және жақын маңайдағы елді мекен тұрғындарын толықтай қамту үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ бизнес өкілдерімен пікірлесіп, ниет білдірген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі қолдаулардың, сүйемелдеулердің жасалатындығын жеткізді.
Мұнан соң кенттегі 40 төсектік аурухананың құрылысының қазіргі жай-күйімен танысты. Бүгінде аталған ғимараттың құрылысын «Интегростой» ЖШС жүргізуде. Аудан әкімі халық игілігіне арналған нысанды жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тапсырды.
Сексеуіл кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 көше салынды. Автожол құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа жол маңында аудан әкімі тұрғындармен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салып, алдағы атқарылар жұмыс жоспарларын айтып өтті. Өз кезегінде кент тұрғындары жасалған жұмыстарға өз ризашылықтарын білдірді.
Жұмыс сапары барысында емхана мен мектептердің жылу беру маусымына дайындық барысы да назардан тыс қалмады. Серік Сағитжанұлы жауапты басшыларға әлеуметтік нысандардың қысқа сақадай-сай болуы мен қажетті отын қорын қазірден бастап бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Мұнан соң Қосаман ауылдық округіндегі №237 мектебі мен Мергенсай ауылдық округіндегі №58 орта мектебінде болып, білім ұясының қысқы маусымға дайындық барысын бағамдады. Сондай-ақ отын қорын ерте бастан жеткізу бойынша тиісті жұмыстар жасау керектігін айтты. Елді мекендерде ауыл халқымен кездесіп, аудандағы ілкімді істерді ортаға салып, атқарылар жұмыстарға тоқталды.

"Толқын" ақпарат
08 қыркүйек 2023 ж. 291 0