Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президентпен жүздескен Аралдық сарбаз

Президентпен жүздескен Аралдық сарбаз

Жақында Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында өткен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты. Оқу-жаттығу жиынына барлығы 8 мың әскери қызметші жұмылдырылып, 600 әскери техника мен қару-жарақ пайдаланылды.
Жауынгерлік әдіс-тәсілдер көрсетілімі аяқталғаннан кейін Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілермен дидарласып, оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейін оң бағалады.
Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев далалық әскери лагерьде дайындық өткізіп жатқан сарбаздармен тілдесіп, жағдайын сұрады, емен-жарқын әңгімелесті. Әңгіме барысында Аралдың тумасы Бақытжанмен болған әңгімесі елді сүйсінтті.
– Жаттығу дұрыс өтті ме? – деп сауал қойды Президент сарбаздарға. Олар жаттығудың өз деңгейінде өткенін айтты.
– Құрметті Президент мырза, уақытыңызды бөліп, сарбаздармен бірге дастарқан басында сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз. Аман болыңыз. Әрқашан Сіздің берген тапсырмаларыңызды орындауға дайынбыз! – деді әскери қызметкер Бақытжан.
– Мен де қуаныштымын, Астанадан арнайы келдім. Жаттығуды көрдім, қызметтеріңіз ойдағыдай бола береді деп сенемін. Ел үшін атқарған қызметтен қасиетті қызмет жоқ. Сондықтан ел болып, халық болып біртұтас мемлекетке қызмет етейік, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі сарбаздармен жеке-жеке әңгімелесті.
– Сен қайдан келдің?
– Қызылорда облысының Арал қаласынан.
– Дұрыс болды, мектепті Қызылордадан бітірдің бе? Әскерге бірден келдің бе?
– Мектепті Арал қаласынан бітірдім. Мерзімді әскери қызметтен кейін сол жерде келісім-шарт бойынша жұмысқа қалдым. Қазір Қарулы Күштер қатарында, сержанттар құрамында қызмет етемін.
– Ата-анаң Қызылорда облысында тұра ма? Оларға сәлем айт!
– Рақмет, сәлем айтамын.
– Ол кісілер не істейді?
– Зейнетте.
– Мен жастарды әрдайым қолдаймын. Мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында. Біздің жастарымыз ақылды, ұшқыр ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан жастарға ең алдымен қолдау көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Ал жерлесіміз Бақытжан Әміржанұлы Борахаев Арал ауданы, Шижаға ауылындағы №57 Елеу Көшербаев атындағы орта мектепті 2005 жылы бітіріп, сол жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің "Информатика" факультетіне түседі. 2007 жылы оқудан академиялық демалыс алып, Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын аға барлаушы ретінде өткереді. Әскерден келген соң оқуын қайта жалғастырады. Сөйтіп 2011 жылы аталған оқу орнын бітіріп, Шымкент қаласындағы "Авиценна" медициналық колледжінде оқытушы болып еңбек етеді. 2013 жылы Алматы қаласындағы десанттық-шабуылдау әскерлері қатарына келісімшарт бойынша әскери қызметке аға атқыш ретінде қабылданып, қырағылығы мен тиянақтылығы ескеріліп, бөлімше, взвод командирі лауазымына дейін көтеріледі. Өткен жылы тамыз айында ҚР Қорғаныс министрінің тапсырмасымен арнайы курстан өтіп, қыркүйек айында офицерлік лауазымға тағайындалады. Әр ісіне тындырымды, білікті де білімді жас жігіт осы жылдың 1 қыркүйегінде лейтенант шенін алды. Қазіргі таңда Қонаев қаласында 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында әскери қызмет атқаруда.
Мемлекет басшысының әскери азаматтармен қатар жерлесімізбен жүздесуі аралдықтарды да ерекше сезімге бөлегені рас. Осы тұрғыда жас жігітпен телефон арқылы байланысқан едік.
– Қазақтың қарапайым отбасында тәрбиелендім. Үйдің үлкенімін. Әкем Әміржан Борахаев зейнеткер, ал анам Жанаркүл Абдуллаева Шымкент қаласындағы "Гауһар тас" тігін фабрикасында бақылаушы болып еңбек етуде. Келіншегім Асылзат Түркістан қаласының тумасы. Алматы қаласындағы мектепте ұстаздық етеді. Екеуіміз Мансұр атты ұланақтай ұл мен Райяна, Азиза есімді қызанақтай қыз өсіріп отырмыз. Бала кезімнен Қарулы Күштер қатарында қызмет етуді армандаған едім. Сол арманыма жеттім. Бүгінде әскери қызметкермін. Осындай жетістікке жетуіме ықпал еткен аяулы ата-анама, білім берген ұлағатты ұстаздарыма, қадірлі ауылдастарыма алғысым шексіз. Әскери қызмет барысында Ресей Федерациясында "Мызғымас бауырластық-2013" оқу-жаттығуына, "Айбалта-2021", "Батыл тойтарыс-2023" оқу-жаттығуына қатыстым. Осы оқу-жаттығудан соң бізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу бақыты бұйырды. Жүздесу барысында сарбаздармен емен-жарқын әңгімелесіп, әрқайсымыздың жағдайымызды сұрап жатты. Ол кісінің қарапайымдылығына тәнті болып, ерекше сезімге бөлендім. Бұл мен үшін, барша сарбаздар үшін ұмытылмас, бойымызға күш-жігер, өршіл рух беріп, Отанды сүюге тәрбиелейтін, патриотизмге баулитын ерекше сәт болды. Аудан жастарына туған жер, Отанды сүйіп, қастерлей біліңіздер, ел қорғаны болыңыздар дегім келеді,– деді офицер Бақытжан Әміржанұлы үлкен тебіреніспен.
Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы. Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге баулып келеді. Бұл берік қалыптасқан дәстүрді ұлттық тәрбиенің діңгегі десе де болады. Осындай "Өзіңе абырой – Отанға даңқ" деген ұранды ұстаным еткен Бақытжан сынды Отанын сүйген және ол сезімнен қуат алған, ел қорғаны болған перзенттері бар елдің алар асуы мен шығар белесі әлі алда. Біз де Отанын жан-тәнімен сүйетін, оны көздің қарашығындай қорғап жүрген жерлесіміз Бақытжанның отбасына амандық, қызметіне толағай табыс тілейміз. Осындай отансүйгіштік рухта тәрбиеленген жастарымыз көп болсын дейміз.
К. МАХСҰТ 
09 қыркүйек 2023 ж. 254 0