Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Аралды құтқару қорының жұмысын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді

Президент Аралды құтқару қорының жұмысын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді

Президент Душанбеде өтіп жатқан Аралды құтқару қорының 30 жылдығына арналған жиында ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді. Қордың басқармасы мен атқарушы комитетінің өкілеттігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар қордың тиімділігін арттырар еді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ол сондай-ақ аймақтағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақмерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құруды ұсынды.

«Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика концорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді. Сонымен қатар Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру.

Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Біз Бішкектің қорды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалаймыз. Қырғыз Республикасы қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болады деп үміттенеміз. Келешекте біз бауырлас Қырғызстанның қорға төрағалық етуін қуана құптаймыз», – деп түйіндеді Президент.

syrboyi.kz
15 қыркүйек 2023 ж. 335 0