Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 300-ден астам делегат «Жастар Рухы» жастар лагеріне жиналды

300-ден астам делегат «Жастар Рухы» жастар лагеріне жиналды

Алматы облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысы басталды. Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты.

Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.

Осы жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.

«Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, лагерьдің басты мақсаттарының бірі – Мемлекет басшысының ШЫҰ кеңістігіндегі бастамаларын ілгерілету, халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың саяси және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау.

«Ең алдымен, Қазақстан Президенті белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды», – деді ол.

Ал Шымкенттен келген делегат Бақытжан Тұрысбек мұндай деңгейдегі іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.

«Жастар Рухы» жастар қанатының барлық мүшесі Қазақстанның және ШЫҰ-ның ең белсенді жастарының басын қосқан осынау іс-шараны асыға күтті. Түрлі саланың жастары жиналатын ортада өзара тәжірибе алмасып, аймақтағы рухтастармен және өзге елдерден келген жастармен достығымызды нығайта түсеміз. Бұдан бөлек лагерьдің күн тәртібі аясында өтетін семинарларды да атап өткен жөн. Мәселен, бүгін есірткімен күрес тақырыбы аясында тренинг өтті», – деді ол.

syrboyi.kz
22 қыркүйек 2023 ж. 167 0