Қаржы бақылауды талап етеді

Осы аптада Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен Арал ауданында аудиторлық іс-шараның қорытындысымен «Арал ауданының орта білім беруді дамытуға бөлінген қаржының пайдаланылуына мемлекеттік аудит» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясында өткен шарада көптеген мәселелер қаузалып, туындаған сауалдарға жауап берілді.
Дөңгелек үстелге тексеру комиссиясының мүшесі Б.Пшанов, тексеру комиссиясының бөлім басшысы Ж.Абсат, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, Арал ауданы мектептерінің директорлары мен есепшілері толықтай қатысты.
Тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Төлешұлы жүргізілген сыртқы мемлекеттік аудиттің қорытындысымен баяндама жасап, аудит барысында орын алған кемшіліктерді және алдағы уақытта заң бұзушылықтар мен қаржылық бұзушылықтарға жол бермеу қажет екендігін түсіндірді. Өзге аймақтарда, аудандарда орын алып жатқан заң бұзушылықтардың алдын алып, келеңсіз жағдайларды болдырмау жолында жұмыс істеу жайы да айтылды.
Дөңгелек үстел жиынына қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тексеру комиссиясының бөлім басшылары жауап беріп, қолданыстағы заңнамалар бойынша да түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
"Толқын" ақпарат