Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан бюджеті қаралып, кемшіліктер талқыланды

Аудан бюджеті қаралып, кемшіліктер талқыланды

Апта басында аудандық мәдениет үйінде аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төрахметовтің төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Оған аудан әкімі М.Оразбаев қатысып, аудан бюджетіне қатысты мәселелерге мән берді.
Сессия басталмас бұрын тұрақты комиссия өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды, кейбір мәселелерге қатысты депутаттар тарапынан ұсыныстар түсіп, қаржының игерілмеуіне қатысты кейбір кемшіліктер сөз болды.
Сессияда алдымен аудандық қаржы бөлімінің басшысы М.Көлдеевтің "2020 жылға арналған Арал ауданы бюджетінің атқарылуы туралы" жылдық есепті қарау және бекіту туралы хабарламасы тыңдалды. Сосын Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Р.Мұсабеков, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Рашев және аудандық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Д.Мадинов баяндама жасады.
Мұнан соң "2020 жылға арналған Арал қаласы бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қарау және бекіту туралы" Арал қаласының әкімі А.Тасқынбаевтың хабарламасы тыңдалды. Тұрақты комиссияда ауданға қарасты 2 кент пен 21 ауылдық округтің де хабарламалары күн тәртібіне қойылып, кейбір ауылдық округтер бойынша салық түсімі мен қаржының игерілмеуіне байланысты мәселелер депутаттар талқысына түсті.
Кезектен тыс бесінші сессияда «Бірқатар азаматтарға «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов пен «Аудандық жер комиссиясының құрамы және комиссия туралы ережені бекіту туралы» Арал аудандық мәслихатының 2018 жылғы 21 желтоқсандағы №209 шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішевтің хабарламалары тыңдалды. Елге қызмет еткен бірқатар азаматтарға «Арал ауданның құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселеде депутаттар тарапынан бір азаматтың кандидатурасы қолдау таппай, қалған азаматтарға заңдылыққа сай ауданның ең жоғарғы атағы берілетін болды. Олардың қатарында көп жылдар ауданның экономикалық дамуы мен еліміздегі жетекші партияның жаңа белестерді бағындыруда аянбай еңбек еткен азамат А.Жолановқа аудан әкімі М.Оразбаев «Арал ауданның құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады.
Осылайша тұрақты комиссияның қорытындысы сессияда қаралып, депутаттар көтерілген мәселелерге қатысты қорытындыны бір ауыздан мақұлдады. Сессияда аудан әкімі өз ұсынысын білдіріп, кейбір кезек күттірмейтін мәселелерде бірлесе іс қылуға шақырып, еліміздегі жағдайға байланысты барлық азаматтарды сақтық шараларын ескеріп, індетке қарсы күресте екпе алдырудың маңыздылығын атап өтті.
«Толқын» ақпарат
21 мамыр 2021 ж. 432 0