Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман жанашырларына құрмет

Орман жанашырларына құрмет

Адам баласы үшін Алланың асқан сыйларының бірі – табиғат байлығы. Әсіресе орман шаруашылығы мен оны дамыту, қорғау халықтың алдындағы басты міндет. Елімізде биылдың өзінде аталған жағдайға байланысты түрлі төтенше жағдайлар орын алып, соңы қайғылы жағдайға ұласқанынан да хабардармыз. Десе де орманды алқаптарда орын алған алапат өртке бетпе-бет келіп, қасқая қарсы тұрған, ерен байлықты қорғауға, сақтауға атсалысып жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Біздің ауданымызда осындай қиындықтарды болдырмай, қауіпсіздікті қызғыштай қорып келе жатқан азаматтар аз емес.
Міне, өткен аптада Қамыстыбас ауылдық округіндегі ауылдық мәдениет үйінде орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде атап өтілді.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов қатысып, аралдық орманшыларды мерекемен құттықтады.«Экологиялық өңірде орналасқан Арал ауданы үшін орман шаруашылығының орны ерекше екені барлықтарыңызға белгілі. Кәсіби мереке қарсаңында Сыр орманшылары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Аудандағы орман шаруашылығы мекемесімен орманды қорғау, молықтыру және өрттен қорғау бойынша жүйелі шаралар атқарылып келеді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдап, орман қорын сақтап, молайту мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерге әрдайым ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз», – деп ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ, жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық және орман шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар мамандар марапатталды.
Айта кетейік, соңғы 30 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанының қазақстандық бөлігінде құм көшкініне тосқауыл қою мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 395 мың гектар орман өсірілді. Бүгінгі күні Арал ауданы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы қөлемі 1074 087 га болса, оның 276 971 га жері орманмен қамтылған. Оның 89 пайызын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Арал теңізінің мәселесі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отырғанын ескере отырып, өңіріміздің экологиялық жағдайына ерекше назар аударып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 5 жыл ішінде 1,1 млн. га сексеуіл екпелерін ұлғайту тапсырмасы берілді. Аталған тапсырма аясында 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар сексеуіл егу жұмыстары жүргізілсе, 2023-2025 жылдары жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бұл шаралар Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға айтарлықтай оң әсерін тигізетін болады.
«Толқын» газеті
17 қазан 2023 ж. 216 0