Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 9 миллион теңге салынған сөмкені көлікте қалдырып кеткен

9 миллион теңге салынған сөмкені көлікте қалдырып кеткен

Алматыда 31 жастағы әйелдің 9 миллион теңгесін ұрлап кеткен, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.Тұрғын қомақты қаражат салынған сөмкені өз көлігінде қалдырған. Ал ұрылар көліктің терезесін шағып, сөмкені алып кеткен.
"Бірден 4 күдіктіні анықтадық. Бірақ оларды қолға түсіру үшін уақыт қажет болды. Қазіргі таңда екі негізгі күдікті қамауға алынды. Ал қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген қалған екі азаматқа іздеу жарияланды. Оларды қолға түсіру уақыттың еншісінде", - деді Алматы қаласы полиция департаменті криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.Сонымен қатар полиция подполковнигі күдіктілер Шығыс Қазақстан облысының тумасы екенін атап өтті.
"Айта кету керек, күдіктілер Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Оның бірі 45 жастағы К. есімді азамат. Оны біздің құрылымдағы сақшылар Алматы облысында тұтқындады. Сондай-ақ аталған қылмысқа қатысы бар 49 жастағы А. есімді күдікті қаладан шығып үлгермеді. Біз оның Алатау ауданында жүргенін анықтадық. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды", - деді Есен Искаков.
Сонымен қатар ол аталған күдіктілердің бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Тіркелген факті бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағы (Ұрлық, тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.
sputniknews.kz
19 ақпан 2019 ж. 1 280 0