Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маң басқан түйелер, шаң басқан шудалар

Маң басқан түйелер, шаң басқан шудалар

 Ауданымызда 546 шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ, 47 688 мүйізді ірі қара, 28 759 жылқы, 24 861 түйе, сондай-ақ, 53 556 бас қой, 29 422 ешкі бар екен. Ет жемей отыра алмаймыз. Күздік, қыстық соғымымыздан өзге, екі-үш адам келсе мал соятын қонақжайлылығымыз тағы бар. Сойылып жатқандарынан бөлек, мал базарында күніге қаншама бас мал сатылуда. Есептей беріңіз, сонша тері далада қалып жатыр. Ал, жүні ше... Айта бастасақ, мәселе көп.
         Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін айтқан болатын. Ал, мал шаруашылығы – өзіміздің ата кәсібіміз. Оны мақтан тұтатынымыз да белгілі. Алайда, Жолдаудың үшінші басым бағытында көрсетілгендей, қазір ол жеткіліксіз. Сол үшін, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шыға аламыз.
       ...Ерте кезден-ақ, қазақтар арасындағы негізгі сауда-саттықтың көзі тері мен жүн болғаны белгілі. Орыс көпестері оны арзанға алып, орнына күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар берген. Біздің шикізатымыз орыс көпестерінің баюына, ауқатты өмір сүруіне септігін тигізді. Ал, Кеңес Үкіметі тұсында әрбір ауданда шикізат дайындау мекемесі жұмыс істеді. Уақытында сол мекемені басқарған, қиындау кездің өзінде түрлі цехтардың ашылуына ұйытқы болған, марқұм Кеңес Қанибаев ағамыз кезінде: «Заман талабына орай, аяқ киім цехын да аштық. Жылуының қандай екенін аудан халқы көрді. Жер-жерден жүн, тері сатылып алынып, оны илеп, тон да тіктік. Жүзден астам адам жұмыспен қамтылып, 16 түрлі шикізат дайындалды. Шүкір, қазір бәрі бар. Бірақ, қарнымның ашатыны, басқаны айтпағанда, малдың жүнін тапсыратын жер жоқ. Мал бағатын жандардың жүнді неге жаратарын білмей, өртеп жатырғанын көзіміз көріп отыр. Сойылып жатқан малдың терілері де босқа қалуда. Үкіметіміз барлық жағдайды жасап, қолдан келер кәсіптерін ашып, игілігін көруге жол ашты. Сондықтан, істің көзін білетін жергілікті азаматтар қозғалып, түрлі цехтар ашса, жұмыссыз жүрген жандарға да, халыққа да пайдасы тиер еді» деп көпшілікке ой саларлық пікір айтқан еді.
       Мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болсақ та, барымызды пайдаға жарата алмай отырмыз. Бабаларымыз тұрмыс-тіршілігіне қажеттінің бәрін теріден жасаған. Қазір малдың терісін болмашы теңгеге ғана бұлдап, өткізудеміз. Өтпегені қалуда. Біле білсек, кәсіптің көзі – малдың жүні мен терісінде. Кезінде Арал қаласындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатының қарапайым жүргізушісі Сайран Нұралиевтің бастамасымен кілем цехы ашылып, аядай ғана жерде қолының ісмерлігі бар аралдық қыз-келіншектер аудан жұртшылығының сұранысын қамтумен қатар, сонау Ресейдің Новосибирск, Хабаровск, сондай-ақ, Бурятия мен Алтай өлкесіне дейін тапсырыс бойынша талай кілемдер жөнелткен. Қазіргідей дайын құралдар жоқ. Кілем тоқитын станокты ұсталар қолдан құрастырып жасаған.
         Ал, ұзақ жылдар мал баққан отағасының қасында көмекші шопан болып, мал шаруашылығының ыстық-суығын бір адамдай-ақ көрген Сәнім Тұрсынова апамыз: «Тұрмысқа керекті бұйымдардың бәрін теріден жасайтын едік. Жабағысы алынбай, жалбырап жүрген қой мен жүні күзелмей алау-далау болып жүрген түйелерді көргенде, ішім удай ашиды. Үйдегі үлкен-кішінің киер киімін төрт түліктен айыра білген анамын. Ызғыған суықта малдың соңында жүріп оннан астам ұл-қызды дүниеге әкелгенде, тері тон мен жүннен тоқылған тоқыманы киіп, шарқатты байлап алып, небір аязыңда елемеуші едім. Жүннен тоқылған киімдер күш-қуатымызды арттырып, қазіргі жастар секілді «ищалап» тұрмай, жып-жылы жүретінбіз. Ал, тулақты астыңа төсесең, сыз өткізбейді. Өте жылы болады. Кейде тулақ керек болып іздегендер қанша үйге сұрап барса да, табылмайды. Қолда бардың қадірін білмеген деген осы емес пе? Сойылған малдың терісін тастай салады. Тұздап, шелдеп, жуып әуре болмайды, – дейді.
        Мал бағып жүрген адамдар пұл қылғылары келсе, тері мен жүннің сапасына да жіті қарау керек. Құм-қиыршық аралас жүн мен шұрқ тесік теріні сатып алушылардың өзге жерге өткізе алмайтыны белгілі. Республикамыздағы жүрісі өнбей тұрған сала – жеңіл өнеркәсіп. Кезінде республикамыз сапалы былғарымен бүкіл КСРО елдерін қамтамасыз еткені белгілі. Бүгінде шикізатты өңдейтін арнаулы орындардың тапшылығы қолбайлау болуда.
       Иә, біз өзгелерді ұлттық пішіндегі, табиғи дүниелерімізбен ғана таңғалдыра аламыз. Біле білсек, тері – өте құнды зат. Деректер бойынша, бір сиырдың терісінен 20 жұп аяқ киім тігіп шығуға болады. Ал, аяқ киімнің бағасын орташа есеппен 15-20 мың теңге дегенде де, бір ғана сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімі өндірілуде. Ал, Түркия елінде бір күнде 3 мыңға жуық тері өңделеді екен. Оларды тері шикізатымен қамтамасыз етуде біздің еліміздің де үлесі бары анық. Болмашы ғана теңгеге сатқан терілеріміз өзге елдерден бірнеше жүз мыңның былғары тоны болып келіп, қалтамызды қағуда.
     Сондықтан, керек кәсіпті қолға алып, игілігін көруге кәсіпкерлердің батылдығы мен іскерлігі керек болып тұр. Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтардың түр-түрі табылады. Әрине, бір жерден алып, екінші жерге сатып, түсімін тез көруге үйренген алыпсатарлық әрекетке қарағанда, қиындығы көп, бейнеті молдау, пайдасы маңдай тер, адал еңбекпен келетін тері өңдеу кәсібін ашып, игеріп, аудан халқына іскерлігін танытып көрсететін азаматтар да жоқ емес, баршылық. Олар қаржылай қолдаудың игілігін де көре алады. Сонымен қатар, қаншама ісмер қыз-келіншектерге жұмыс табылып, отбасының берекесі кірер еді. «Аралда жасалған» деген атаумен тері мен жүннен жасалған сапалы бұйымдарымызды ауданымызға келген қонақтарға сыйға ұсынсақ, қандай жарасымды. Ұтымды іске ұмтылғанның ұтатынын, ебін тапқанның есебі түгелденерін есте ұстасақ екен.
Лаура Әйтімова.
12 ақпан 2018 ж. 1 909 0