Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Қызылордада дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір орталығына қарасты Тасбөгет кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанының ашылуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек" деген еді. Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып, бұқаралық спортты дамыту стратегиялық басым бағыттың біріне айналды. Облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 38 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай келетін спорт нысандарының қолжетімді болуы маңызды, - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ ол облыс орталығында 7 мың орынға арналған Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатынын жеткізді.

Үстел теннисі орталығының құрылысын да бастамақпыз. Аудандарда 2,6 млрд. теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынуда, бүгінде 6-уы тапсырылды, қалғаны жақын күндері пайдалануға беріледі. Соның бірі – бүгінгі денешынықтыру-сауықтыру кешені. Осы кешен болашақ чемпиондардың үлкен спортқа жасаған қадамына алғашқы баспалдақ болсын!, – деді облыс әкімі.

Шара аясында қазақ күресінен Әлем чемпионы, "Сыр барысы" Нұрым Сәлімгереев жерлестерін құттықтап, Тасбөгет кентінің ардақты ақсақалы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Төлеш Әлиев бата берді. Сондай-ақ, құрылысты салуға атсалысқан мердігер мекеменің қызметкерлері және кенттің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Фото: baq.kz
21 желтоқсан 2023 ж. 368 0