Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында жаңа амбулаториялар ашылды

Арал ауданында жаңа амбулаториялар ашылды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, дәрігерлік амбулаторияны табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа жыл қарсаңында ауылдарда ашылған жаңа медициналық нысандар – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жемісі.
Бүгін осы аудандағы Бөген, Қызылжар ауылдарында әрқайсысының құны 400 млн. теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның, Көктем елді мекенінде медициналық бекеттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен, жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ұлттық жоба бойынша іске асқан игіліктер туралы айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Биыл соның қатарындағы 15 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 жаңа медициналық нысан ел игілігіне табысталды. Міне, енді өздеріңізбен бірге Бөген ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны ашамыз.
Шалғайдағы елді мекендерде мұндай нысандардың бой көтеруі – мемлекеттің ауыл медицинасына, тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмысының бір тармағы. Осы жылы Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекеттер жаңадан салынып, ел игілігіне табысталды. Келесі жылы Тоқабай ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Бұл қамқорлық өңір медицинасының дамуына оң ықпал етеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шара барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Әбдікәрімов жерлестерін құттықтап, игі тілек білдірді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтарына құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, «Аман-Құрылыс» ЖШС амбулаторияны бір қабатты етіп салған. Мұнда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар, жеке бу қазандығынан дизель отынымен жылытылады. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы.
Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.
Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Арал ауданы әкімдігі 
28 желтоқсан 2023 ж. 266 0