Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос мерейтой иесіне құрмет

Қос мерейтой иесіне құрмет

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ақын, ұлағатты ұстаз Рахат Наурызбаева мен еңбек ардагері Жәдігер Орақбаевты мерейтойымен құттықтады.

– Бүгін қос мерейтой иесінің қуанышына жиналдық. Ақын, ұлағатты ұстаз, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Наурызбаева Рахат Наурызбайқызы мерейлі 80 жасқа, еңбек ардагері, Қызылорда қаласы және Сырдария ауданының құрметті азаматы Орақбаев Жәдігер Орақбайұлы 75 жасқа толды.

Кез келген кемелденген өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін, тарихын қастерлеп, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге күш жұмсайды. Қазақ әдебиетінің маңызды тармағы балалар әдебиетіне өз үлесін қосып, кішкентай оқырмандардың қызығып оқитын авторына айналған Рахат Наурызбайқызы апамыздың шығармашылық еңбегі зор.

Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын арасында Жәдігер Орақбайұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы өз алдына бөлек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рахат Наурызбайқызы 1944 жылы 25 қаңтарда Қазалы ауданында дүниеге келген. Саналы ғұмырының 56 жылын еліміздің білім саласына жұмсаған. Бәсекеге қабілетті шәкірттер оқытып, оларға тәрбие беруге өлшеусіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. 2009 жылы Қазан университетінде педагогика ғылымдарының докторы атағын қорғады. Рахат Наурызбайқызы – 4 монографияның, 5 жыр жинағы мен 10 оқу-әдістемелік құралдың, 200 радиохабардың авторы. Балаларға арнап «Бастау», «Ақ қозы», «Сергек Серік» атты жыр жинақтарын, «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» оқу құралын және 100-ден аса ән жазған. ҚР Білім министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, Ресейдің Халықаралық Бейбітшілік және келісім қорының «Білім берудегі еңбегі үшін» медалі және өзге де марапаттардың иегері.

Жәдігер Орақбайұлы 1948 жылы 31 желтоқсанда Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1970 жылы Тереңөзек жұмысшылар кооперациясынан бастап, осы ұжымның басшылық қызметіне дейін көтерілді. 1978 жылы аудандық, 1982-1985 жылдары облыстық тұтынушылар одағының басқарма бастығы болды. 1985-1996 жылдары өз бастамасымен құрған «Бірлестік» сауда-өндірістік мекемесін басқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жәдігер Орақбайұлы заман ағымын жете түсініп, кәсіпкерлік саласынан тың бағыт іздеді. «Гүлайым» фирмасын ашып, одан кейінгі жылдары «Жәдігер» шаруа қожалығын құрып, қазір шаруашылық  ет және сүт бағытындағы жұмыстарды жандандыруға атсалысуда.

Басқосуда Рахат Наурызбайқызына және Жәдігер Орақбайұлына облыстың Құрмет грамотасы табысталды.

Қоғам қайраткерлері Биғали Қаюпов, Алмагүл Божанова, Мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы мерейтой иелерін құттықтап, сөз сөйледі.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz

Фото: syrboyi.kz
13 қаңтар 2024 ж. 473 0