Аудан әкімі мекемелердің жұмыс барысымен танысты

Аудан басшысы алдымен апаттық жағдайдағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ғимаратына бас сұқты. Ондағы кітап қорлары және мекеме ғимаратын көріп, жоспарланған шаралар барысымен танысты. Сондай-ақ ұжымның алдағы міндеттерін тыңдады. Мұнан соң апаттық деп танылған №1 қалалық кітапханаға ат басын бұрды. Ұзақ жылдан бері тозығы жеткен ғимараттың бүгінгі ахуалымен танысып, кітапхана қорындағы ұлттық құндылықтар мен рухани байлықты сақтап, жаңғырту үшін барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді. Аймақ басшысының қолдауымен құрылысы басталғалы тұрған «Руханият» орталығының бір бөлігін осы кітапханалар жүйесіне беру жоспарда екендігіне тоқталды.
Аудан әкімі «З.Шүкіров» атындағы қалалық мәдениет үйінде болып, ардагерлерден құралған «Ұлағат» ансамблі мүшелерімен кездесті. Төл өнерді дәріптеуде өзіндік үлесін қосып жүрген «Өнер орталығы» мекемесінің ғимаратында болып, бабалар ізін жалғап жүрген жыр-термешілермен жүздесті. Ауданның арғы-бергі тарихынан сыр шертетін аудандық музейге соғып, құнды жәдігерлерді танысып, экспонаттар өлкесіне де мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Сала басшыларына ауданның халқы тығыз орналасқан Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінде тілсіз жауға қарсы тұра алатын мүмкіндіктің болуын зерделеуге тапсырма берді.

Сапалы білім беру – басты мақсат. Осы ретте, аудандағы білім беру саласында өзіндік орны бар бірнеше білім беру ұйымдарының жұмыс барысын да саралады.
Алдымен аудандағы кешкі мектеп пен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қызметімен танысты. Мұнан соң №2 облыстық мамандырылған мектеп-лицей интернатында, балғындарды қосымша білім мен өнерге баулып жатқан «Өнер» мектебі мен «Оқушылар үйіне» де арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысын бағамдады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Арал аудан әкімдігі