Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі С. Сермағамбетов қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысып шықты.
Алдымен агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциясы мен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы мекемелеріне барып, ғимарат ішін аралап көрді. Аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Т. Қарақұлов мекемелердің жұмыс барысымен таныстырып шықты. 1979 жылы салынған мекеме ғимаратына 2003 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда ғимарат қазіргі таңда ескірген.

Одан соң аудан басшысы жеке кәсіпкер Ж. Нысанбаевтың «Арал-жиһаз» кәсіпкерлік нысанына барып, кәсіпорынның бүгінгі таңдағы өндіріп жатқан өнім түрлерімен және жұмыс барысымен танысып шықты. Тұрғындар сұранысына сәйкес түрлі жиһаздарды құрастырумен және пластик қайық өндірісімен айналысатын орталықта 8 адам жұмыс жасайды. Кәсіп иесі алдағы уақытта шыны талшықтан төбе жабындысын шығару мақсатында «Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы» 15,0 млн. теңге несие алуға ниетті екенін жеткізді.

Аудандық «Толқын» газетінің редакциясына да арнайы бас сұққан аудан әкімі нысанның жағдайын көріп, өңір жаңалықтарын баспа бетіне жариялайтын қызметкерлермен жүздесті. Ауданның ақпарат айнасына баланған редакцияның ұжымында 5 тілші және 10 түрлі санаттағы қызметкерлер халықты оң өзгерістер мен хабардар үшін жұмыс жасауда. Редакцияда аптасына екі мәрте сейсенбі, Сенбі күндері газет беттері компьютер орталығында теріліп, беттеліп, «АSU баспа үйі» ЖШС сенімгерлік басқаруындағы «Сыр медиа» ЖШС баспаханасында басылып, тұрғындарға таратылады.

Бұдан кейін «Agrofish 2020» ЖШС-нің балық өңдеу зауытындағы теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарына куә болды. Балықты қатыру, сақтау және өңдеумен айналысатын зауытта 50 адам жұмыс жасайды. Маусымдық кезеңдерде 100 адамға дейін жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда зауыттан өндірілетін дайын өнімдер Еуропа елдеріне экспортталып отыр. Осы ретте зауыт жұмысшыларымен тілдескен аудан басшысы ата кәсіппен айналысып, осы кәсіпті жалғастыру жергілікті халық үшін маңызы зор екенін айтып, жұмысшыларға сәттілік тіледі.

Одан соң №19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокс залында болды. Аталған нысанда 13 топта 162 бала спорттың бокс және таэквондо түрлерімен шұғылданады. Спорт мектебінің директоры С. Алмағамбетов алдағы уақытта ғимарат алдынан ашық спорт алаңын салу жоспарда бар екендігін жеткізді.

Аудан әкімі қаладағы нысандарды аралау барысында №4 қалалық кітапханаға да табан тіреп, ғимараттың қазіргі жағдайын көріп, кітапхана меңгерушісінен тұрақты оқырмандар мен келушілер туралы сұрады. 25940 кітап қоры бар кітапхананың 2600 тұрақты оқырманы бар. Аталған мәдениет ошағында 4 қызметкер жұмыс жасайды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі  



24 ақпан 2022 ж. 277 0