Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қаладағы бірнеше нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы бірнеше нысандарды аралады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаладағы бірнеше нысандарды аралап, қазіргі жағдайымен танысып шықты.
Алдымен Бақтыбай батыр көшесіндегі ағымдағы жөндеуден өткен көппәтерлі үйге барып, тұрғындармен кездесті.
Жүргізілген жұмыстарға ризашылығын білдірген тұрғындар енді көгілдір газ мәселесі қиындық тудыратындығын айтты. Бұған сәйкес жауапты мекемелерге жеңілдіктер қарастыру және кәсіпкерлерге демеушілік жасау жөнінде ұсыныстар берілетіндігін жеткізді.

Атап өтейік, «Арал қанаты -100» ЖШС тарапынан бұл тұрғын үйлердің шатыры жаңаланып, кіре беріс есік-терезелері ауыстырылып, ағаш төсемелері төселді. Аудан басшысы бұған дейін осы көппәтерлі тұрғын үйлерде болғанда мердігер мекемеге барлық жұмыстарды тиянақты түрде аяқтауды тапсырған болатын. Бүгін соған сәйкес атқарылған жұмыстарды бақылап, мұқият қарап шыққан соң жауапты сала басшыларына тұрғын үй ауласындағы ретсіз орналасқан әжетханаларды алып тастау, қоқыс тастайтын арнайы орын дайындау жөнінде тапсырма жүктеді.

Одан кейін аудан басшысы «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің аудандық филилалының ғимаратында болып, жұмыс барысымен танысты. Атап өтейік, аталған нысан өткен жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылған болатын. Барлық жұмыс бөлмелері мен құжаттар қоймасын, акт залын аралап көріп шықты. Қазіргі таңда мұрағатта сақталған құжаттар электронды бірыңғай архив жүйесіне көшірілуде. Аудандық мұрағатта 60000-нан аса құжаттар сақталған.
Аудан әкімі мұнан әрі ескі полиция бөлімі ғимаратының жағдайын көрді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің меншігіндегі нысан көне болғандықтан күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Соған сәйкес аудан әкімі жауапты сала басшыларына ғимаратқа жөндеу жүргізудің қаншалықты тиімді болатындығын әлі де толық зерделеп, нәтижесімен ұсыныс әзірлеуді жүктеді.

Қаладағы нысандарды аралау барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен спорт клубы орналасқан ғимаратта болды. Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмыс бөлмелерін аралап, қызметкерлермен пікірлесті. Жастардың мерзімді әскери борышын өтеуге жіберілу жағдайын сұрап, жұмыс барысымен таныс болды. Одан соң спорт клубына барып қол күресі мен гір тасын көтеру секцияларына қатысушылардың дайындығын көріп, салауатты өмір салтын ұстанушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Аталған мекемелер орналасқан нысанның қазіргі жағдайын қанық болған аудан басшысы жауапты басшыларға спорт клубына бөлек ғимарат қарастыруды тапсырды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

03 желтоқсан 2021 ж. 404 0