Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев: Жүктелген тапсырма орындалған жоқ

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жүктелген тапсырма орындалған жоқ

Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономиканы дамытудың маңызды алғышарттары айтылды, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сүйеніп.

«Алдымызда ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсіну қажет. Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек. Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек. Яғни, салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады. Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі», деді Қ.Тоқаев.

Президент бұған дейін де салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту туралы тапсырма бергенін, бірақ, әлі күнге дейін орындалмағанын сынға алды. Тіпті бұрынғы Үкімет мәселенің шешу жолын да әзірлемегенін ескертті.

«Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр. Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн», деген Мемлекет басшысы бұл салаға түбегейлі өзгеріс жасайтын кез келгенін айтты.


Фото: ашық дереккөз 
07 ақпан 2024 ж. 163 0