Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аймақта жүзеге асырылу барысы талқыланған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, «Samruk Kazyna Construction» АҚ-ның өңірлік жоба басшысы Ерік Қонақбаев және департамент директоры Тимур Дәуітов, мердігер компаниялар мен коммуналдық мекемелер өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы өңірдегі мектептер құрылысын уақытылы аяқтаудың өте маңызды екенін қатаң ескертті.
“Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бойынша Үкіметке және облыс әкімдіктеріне құрылыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылысы былтыр басталған барлық мектептерге жер телімдері беріліп, құжаттары рәсімделді. Мемлекеттік бюджеттен өткен жылы 19,6 млрд теңге бөлінсе, осы жылы 24,5 млрд теңге бөлінетін болады. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ның құрылысы қарқын алды, 1 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жұмыс енді басталады (Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп). Конкурс ұйымдастырушы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде құрылыс алаңдарына инфрақұрылым жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 118,4 млн. теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, кейбір мектептер құрылысының уақытында аяқталмау қаупі бар. Аталған мәселелер бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев баяндама жасады.
Мәжілісте мердігер мекемелерге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылған ұлттық жобаның Үкіметтің тікелей бақылауында екені ескертілді. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы мердігер мекеме басшыларына құрылысшылар санын арттырып, екі ауысыммен үздіксіз әрі сапалы жұмыс жүргізіп, былтыр басталған 10 мектепті алдағы 1 қыркүйекке ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы маусым айының соңына дейін 10 мектептің барлығын сыртқы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі тиіс. Ал, қала және аудан әкімдері 1 тамызға дейін мектептерге жол-көлік желілерін жеткізуге, жарықтандыруға, абаттандыруға, жаяу жүргіншілер жолдары және аялдамалар салуға жауапты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
15 ақпан 2024 ж. 365 0