Шәкірттерді шеберлікке шыңдаған
Таяуда Арал индустриялық-техникалық колледжіне жолымыз түсті. Жай түскен жоқ аталған білім ордасындағы мазмұнды шараның куәсі болуға шақыртумен жеттік. Өзі жетекшілік ететін колледждің шәкірттерінің іскерлік болмысын аудан айнасына баланған «Толқын» газетінде ақпараттандыруды жөн деп тапқан Рахыш Айназаровқа кәдімгідей-ақ ішіміз жылыды.
Атшаптырым аумақты алып жатқан орында орналасқан колледждің әр тұсына қайнаған жұмыс. Ал ғимарат іші мұнтаздай таза. Бәрі өз орнында. Сүйсінесің, қызығасың. Бірін айтып біріне кеттік пе, мұнда негізгі тақырыпқа оралайық.
Қызылорда облыстық білім басқармасы «WorldSkills Kazakhstan 2024» кәсіби шеберлік чемпионатын өткізуі бұл емес, әріден басталған. Осынау мазмұны ерекше шара арқылы колледж тәлімгерлерінің арасында үздіктерді анықтау бұрыннан үрдіс болған. Негізі бұл бастаманың тарихы әріде жатқан көрінеді. Айдынды өлке Аралмен қатар құрылған білім ошағында бесаспап мамандар дайындалатынына кезекті мәрте көз жеткіздік. Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Төлеби Бержанов сөз сөйлеп, бақ пен бап қатар түсетін сайыста білімгерлердің жоғары деңгейдегі нәтижені бағындырып, облыстық кезеңге жолдама алуға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ ол атқарушы билік тарапынан сөз сабақтай келе мемлекет қай кезде де көзі ашық, көкірегі ояу жастарға барлық қамқорлықты жасайтынын тілге тиек етті. Мұнан соң Арал индустриялық-техникалық колледжінің директоры Рахыш Айназаров Қазақстанның кәсіптік білім беру саласына сенімді түрде еніп, қатысушылардың екінші қырынан танылуына жол ашқан «WorldSkills Kazakhstan 2024» сайысы жастарды одан әрі шыңдай түсетінін тілге тиек етті.
Бұдан кейін «WorldSkills Kazakhstan 2024» сайысының туы енгізіліп, чемпионат гимні шырқалды. Жанарларынан сенім оты маздаған сап түзеген жастар біліп үйренген шеберлігін іс жүзінде дәлелдеу үшін нақты орындарына жайғасты.
Темірден түйін түйген дәнекерлеуші де, ағаштан ою ойған ұста да, жарасымды киім тіккен ісмер де, техниканың қыры-сырын меңгерген механик те осында екенін көрген жиналған сарапшылар әр үйдің еркелерін білікті маман атануға үндеген ұжымға тамсана қарады.
Дәнекерлеу технологиясы бойынша Жәнәлі Жұбаев І орын еншілеп, өндірістік оқыту шебері Ербол Ахметовтің мерейін тасытты. Ал ұсталық жұмыс аталымымен жылдамдығы мен шеберлігі үндескен Отарбаев Сауал І орын алып, оқыту шебері шебері Нұрболат Улекшовтың абыройын асырса, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» номинациясында үздік шыққан Елдос Отаралиев біліктілігімен алға озып, өндіріс оқыту шебері Асхат Әлібековтың еңбегін маздатты. Сондай-ақ сән технологиясы бойынша басқалардан дараланған Айдана Әйділдаева І орынға лайық деп танылып, өндірістік оқыту шебері Күнзираш Әлиеваны марқайтты.
Шәкірттердің шеберлігін шыңдаған ұжымдағы басшының да, қосшының да, білімгердің де, тәлімгердің де көкжиегін кеңейтіп, елеулі еңбекпен алға озған колледж қалай айтсақ та мадаққа лайық екенін аңғара алды.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ