Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "ОТАУ" бағдарламасы іске қосылды

"ОТАУ" бағдарламасы іске қосылды

1 наурыздан бастап баспанасы жоқ жастар мен отбасылар үшін "Отау" бағдарлама іске қосылмақ. Бағдарламаға қатысып, баспаналы болғысы келетін азаматтар 30 сәуірге дейін otbasybank.kz порталы арқылы өтініш бере алады. Аталмыш бағдарламаға 18 бен 63 жастағы азаматтардың қатысуына мүмкіндік бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев хабарлады.
–Бағдарлама ережесіне сәйкес, қатысушының жинақ шотының ашылғанына 18 ай болған және олардың отбасының атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Өтінім беру кезінде депозиттегі жинақ көлемі 1 млн теңгеден кем болмауы қажет. Бағдарламаға өтініштер 30 сәуірге дейін қабылданады. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күн ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. "Отау" бағдарламасының шарттары: алғашқы жарна – 20 пайыздан бастап, несие мөлшерлемесінің жылдық көлемі 9 пайыз, ал несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін,
– деді Әділжан Рахымжанұлы.
Биыл облыста тұрғын үй құрылысын салуға барлығы 16 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жобалар қолға алынды. Сәйкесінше, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында қаржыландырудың барлық көздерінен 701,6 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілмек.
-Осы жылы тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бюджеттен бөлінген бұл қаржыға 754 пәтерді құрайтын 11 тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, 5 қабатты 10 тұрғын үйдің тиісті жобасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұдан бөлек, қосымша 7 қабатты 10 тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 296 пәтерді сатып алуға тиісті қаржы қарастырылды. Айта кетейін, осы жылдың қаңтар айында қаржыландырудың барлық көздерінен 63,5 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Мәди Әліп.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
28 ақпан 2024 ж. 269 0