Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемде жаңа медициналық бекет ашылды

Көктемде жаңа медициналық бекет ашылды

Кеше Арал ауданының Сапақ ауылдық округінде жаңа медициналық бекет ашылды.
Округке қарасты Көктем елді мекеніндегі жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, тұрғындарды ел игілігіне табысталған заманауи ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«Мемлекетіміздің ұстанып отырған сындарлы саясатының нәтижесінде елімізде әрбір азаматтың өз денсаулығын қорғауға барынша жағдай жасалып, медициналық қызмет сапасын көтеру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды»- деген болатын. Бүгінде аймағымызда да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі іске асуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 27 денсаулық сақтау нысанын салу көзделсе, осы бағдарлама шеңберінде ауданымыздағы Бөген мен Қызылжар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, жұмыс жасауда. Мұнан бөлек, өткен жылы Тастүбек пен Жалғызағым елді-мекендерінде медициналық бекет пайдалануға берілді. Бүгін Көктем халқының көптен күткен қуанышы орындалып, медициналық бекет есігін айқара ашып, келушілерге қызмет көрсетуге толықтай дайын. Жыл соңында елді-мекенге таза ауыз су кірсе, ендігі кезекте тұрғындарымыз үшін замануи үлгідегі денсаулық нысаны ел игілігіне қызмет ететін болады»,-деді, Аманжол Сақыпұлы.
Рәсімде ауыл ардагері Алмат Молдабаев көпшілікті қуанышымен құттықтап, іргелі істерге ұйытқы болып жүрген ел азаматтарына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.
Айта кетейік, медициналық кешеннің құрылысын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС жүргізді. Ғимарат ішінде тіркеу орны, егу бөлмеcі, лаборатория, архив кабинеті бар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Бұдан бөлек, аудан әкімі елдімеенге сапар барысында № 227 негізгі мектебімен танысып, білім беру ұйымының асханасы мен сынып бөлмелерін аралап көрді. Мұнан соң, ауыл тұрғандарын жекеленген мәселелері бойынша қабылдады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
01 наурыз 2024 ж. 207 0