Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Нәлібаев: «Алғыс айту адамдарды жақындастырады»

Н.Нәлібаев: «Алғыс айту адамдарды жақындастырады»

Соңғы жылдар бедерінде ғана атаулы күндер қатарына қосылған Алғыс айту күнін жұртшылықтың жылы қабылдауында терең мән бар деп ойлаймын. Өйткені сан ғасырдан бері біздің Ұлы далада үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бауырмалдық, сыйластық сияқты ізгі дәстүрлер орныққан.

Сол дәстүрді ұстанған ата-әжелеріміз қуғын көріп, туған жерінен жыраққа жер аударылған неміс, поляк, корей, шешен, тағы басқа ұлттардың өкілдерін бауырына тартты, қамқорлық көрсетті. Осы ізгі ниетті таныған өзге ұлт өкілдері, олардың ұрпақтары әлі күнге дейін қазақтың кең пейіліне ризашылығын айтып келеді. Алғыс айту күнінің көктемнің алғашқы күнімен, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылуы да тегін емес. Жалпы ризашылық білдіру жұртшылықты жақындастырады, қоғамдағы түсіністікті қалыптастырады, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты одан әрі нығайта түседі. Сондықтан бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипат алды, үлкен-кіші бір-біріне алғыс айту арқылы құрмет пен мейірім арнасын кеңейтті.

Бүгінгі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін! Қастерлі Отанымыздың іргесі берік, еңсесі биік болғай!

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: www.gov.kz
01 наурыз 2024 ж. 315 0