Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс алысқа апарады

Алғыс алысқа апарады

Аязды күндерімен бірге қыс мезгілін де өткіздік. Жердегі қар еріп, ендігі кезекте жер бетінің көгеретін уақыты келді. Көктем мезгілінің ең әдемі көрінісі күйбең тіршілік иелерінің барлық әрекеттері қаншама ақынның шығармаларына арқау бола білгені. Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаев атамыз: «Көп кешікпей көктем де келер енді, көгеретін тіршілік көгереді...» демекші, көктем мезгілі қызу тіршіліктің дәл уақыты екені анық.
1 наурыз – көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін жалпыхалықтық Алғыс айту  күні. Бұл мерекеде қалың бұқара бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдіреді. Еліміз бұл мерекені алғаш 2016 жылы атап өткен. 2016 жылдың 14 қаңтар күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурыз, көктемнің алғашқы күнін Алғыс айту күні етіп жариялады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді»,  – деген болатын Тұңғыш Президент Ассамблея сессиясында. Міне, осы Ассамблея аясында Елбасы 173 жарлыққа қол қойып, еліміз үшін айтулы мерекені жариялаған болатын.
Сан мыңдаған жыл бойы қазақ халқы тағдыр жазуымен зұлмат жылдарды бастан өткерді. Осындай зобалаң заман уақытында тағдыр тәлкегіне ұшыраған қаншама ұлтты бауырына басып, өзіміз деп қабылдай білді. Иә, тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін өзге ұлтқа қамқор болған. Жалпы, 20 ғасыр басында жерімізге 5 жарым миллионнан астам адам жер аударылған. Міне, сол жылдары халқымыз қуғын-сүргінге ұшыраған орыс, украин, поляк, сондай-ақ кәріс ұлттарына көмек көрсетіп, қол ұшын берген. Иә, бұл мерекенің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Елбасы осы күні барша этнос өкілдерін өзіне жақын тартып, туғанындай қараған қазақ халқына алғыс айту күні деп атап өтуді ұсынған. Сол үшін осындай айтулы мереке күні адамдар бір-біріне мейірім көрсетіп, жанындағы жақындарына алғыс айтуы керек.
Дана халқымыз: «Кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, осындай мінезіміздің арқасында қаншама ұлттың көңілін тауып келеміз. Кішіпейілділік, мейірімділік пен кішкентай нәрсеге болсын алғыс білдіру секілді қазақтың асыл қасиеттері, бүгінгі ұрпаққа өнеге болып келеді. Осындай құнды қасиеттеріміздің арқасында еліміз қай уақытта да биіктен көрініп келеді. Сол үшін көктемнің алғашқы күні ең алдымен қасымыздағы жақын жандармен бірге болуымыз керек. Олардың барына және осындай тәуелсіз елде бірге бейбіт өмір кешіп жатқандарына алғыс білдіруі қажет.
Өзге адамға алғыс айту және өзгеден алғыс алу, бұл – өте жағымды әрекет екені белгілі. Яғни, кез келген адам үшін көңілге шуақ беріп, артық болмайтын жақсы амал. «Алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас», «Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Сілеу алма, тілеу ал» және «Аздың атасы бір, көптің батасы бір» сынды көнеден үлгі ретінде қалған мақал-мәтелдеріміз жетерлік. Осының өзі ерте кезден халқымыздың ризашылық, алғысқа аса мән бергенін көрсетеді. Сондықтан да қай кезде болмасын бір-бірімізге алғыс айтып, тек ізгі ниетпен жақсы тілектер тілеп жүрейік!
 
Айсәуле НҰРЛАНОВА
01 наурыз 2022 ж. 802 0