Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында спортпен шұғылданушылар саны артып келеді

Қызылорда облысында спортпен шұғылданушылар саны артып келеді

Қызылорда облысында бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 39 пайызға жетті. Нәтижесінде олардың саны 328 мың адамнан асып отыр.

Сыр өңірінде спорт саласын дамыту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылы 23 желтоқсанда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы құрылды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстардың арқасында өңір халқының 39%-ы бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік алып, олардың саны 328 597 (ауылдық жерде 192 535) адамға жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 497 адамға артқан.

Өңірде спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 44%-ға өсті. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту, халықтың дене шынықтыру және спортпен айналысуын ынталандыру үшін аймақта заманауи спорт нысандарының саны артып келеді.

Облыста 80 балалар және спорт алаңы пайдалануға берілді. Өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 5 458,1 млн теңгеге 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 кешен қолданысқа берілді. Сол жағалаудан халықаралық талапқа сай келетін, жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, еуропалық стандарттарға сәйкес келетін, 10 мың адамға арналған заманауи орталық стадионның құрылысы жүргізілуде.
Спортшылардың нәтижесі көңіл қуантарлық. ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 552 спортшы енген. Биылғы жылдың басты спорттық додасы – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына 2 жолдама бар. Дүбірлі додада Қамшыбек Қоңқабаев бокстан Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайды. Айтулы жарыс биылғы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өткізіледі.

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылдың 18 қарашасында дүниеге келген. Ол – әуесқой бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны. Қамшыбек 2017, 2019 жылдары әлем, сол жылдарда Азия чемпионы атағын иеленді. Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Кәсіпқой бокста жекпе-жек өткізгеніне қарамастан ол аталған дүбірлі додада бақ сынау мүмкіндігін жоғалтқан жоқ.

Ал Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов отырып ойнау волейболынан ел намысын қорғайтын болады.

Енді олардың қатарын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, Олжас Сырлыбай, дзюдодан Нұрлыхан Шархан, Абылайхан Жұбаназар сынды спортшылар жолдама санын толықтыруы мүмкін.

Облыс орталығында 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қалануда. Үстел теннисі орталығының бас мердігері - «СК Дәнекер» ЖШС, бас жобалаушысы - «Шынар Проект және Компания» ЖШС, техникалық қадағалаушы - «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС. Орталық 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай спорт нысандары қолжетімді болуы қадағаланып келеді. Аудандарда 11 дене шынықтыру кешені салынды.

Алпыс жылға жуық тарихы бар Сырдың бас футбол командасының жанкүйерлері жыл санап артып келеді. Биылғы маусымда Сыр спортының жанкүйерлері «Қайсардан» жақсы жаңалықтар күтеді. Жергілікті футболды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Облыс бойынша 55 мыңнан астам адам футболмен айналысса, оның ішінде футзалмен 5 мың адам шұғылданады. Жыл сайын жасөспірімдердің футболға деген қызығушылығы артып келеді. Сонымен қатар, әуесқойлар футбол лигасы бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың дамуына үлесін қосуда.

Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, еліміздің мәртебесін асқақтатты. Былтыр ел чемпионаттары мен кубоктарында мыңнан аса медаль (1158, 376 алтын, 358 күміс, 424 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 245 медаль (94 алтын, 71 күміс, 80 қола) алды.

Ал Қытайдың Хуанчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында 6 спортшы, IV Жазғы Пара Азия ойындарында 3 спортшы сәтті ойын көрсетіп, жүлдемен оралды. Будапештте каратэден өткен Әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай Әлем чемпионы, самбодан жасөспірімдер арасында Нұржан Тумырзаев жеңімпаз атанды.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: ашық дереккөз 
11 сәуір 2024 ж. 234 0