Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәжікстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді

Тәжікстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді

Тәжікстан Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы аталған елдің Төтенше жағдайлар комитеті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«20 сәуірде Сарыағаш қаласында су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына гуманитарлық көмек тапсыру рәсімі өтті. Гуманитарлық көмекке азық-түлік, ауыз су, құрылыс материалдары мен үй шатырлары кіреді. Душанбе мен Худжандтан 61 вагон мен 13 жүк көлігі жөнелтілді, олардың жалпы салмағы 3,5 мың тоннаны құрады», делінген хабарламада.

Тәжікстан билігінің хабарлауынша, гуманитарлық жүкті Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Абдухалим Назарзода тапсырған. Ол өз сөзінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның тапсырмасымен қазақ халқына қажетті көмек көрсетілетінін айтты. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары бауырлас тәжік халқына алғыс білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан Қазақстанға 300 тонна гуманитарлық жүк тиелген 15 жүк көлігін жіберген еді. Оның ішінде су, күріш, қарақұмық, кәмпит, шай және басқа да азық-түлік өнімдері, сондай-ақ шатырлар, электр шамдары, жылытқыштар, төсек-орын, матрацтар, киім-кешек болды. Ал 13 сәуірде көмектің екінші легі – 144 тонна жүк жөнелтілді.

Фото: kaz.orda.kz
22 сәуір 2024 ж. 293 0