Арыстан бабқа қор ашылмақ

Жарайды сонау кеңес заманында мұндай қазақы наным-сенімдер бойынша түрлі жөн-жоралғыларды жасауға мүмкіндік болмаған шығар. Қасиетті дініміз қысымға ұшыраған тұста мұндай мүмкіндіктерге жол берілмегені түсінікті. Алайда еліміз тәуелсіздік алып, Арал өз алдына аудан болғалы да 30 жылдан әрі уақыт болды. Сол жылдар ішінде аудан басшылығына бірнеше азаматтар келіп, олардың әрқайсысы еткен еңбегінің арқасында халықтан лайықты бағаларын алып кетті. Алайда солардың бірі де осы Ақирек тауының үстіндегі Арыстан баб бабаның басына лайықты құрметпен қарай алды ма? Ниет бөлек әрине. Ал іске келгенде ше? Абзал Мұхимов есімді ағамыз Аралға әкім болған кезде ел-жерді аралап, қасиетті өңірлерге табан тіреді. Сонда осы Арыстан баб бабаның жайына соғып, зиярат еткен-ді. Сол кездегі баба басындағы шырақшы Серік есімді ақсақалмен тілдесіп, бұл жердің өзге де қасиеті туралы тәптіштеп сұраған-ды. Сонда өз басымда осы мекен өзге мұсылмандер келіп, зиярат ететін, атағы әлемге жетітін қасиетті өңірлер санатына кіре ме екен деген жауабы жоқ сұрақ болған еді. Арада бірнеше жылдар өтті. Әлі де қозғалыссыз.
Биыл Аралға келген әкім Аманжол Оңғарбаев жақын күндері осы баба басына барып, қасиетті жерге зиярат етіп, оның басына кезекті тазалық жұмыстарымен қатар, әктеу, сырлау сынды жөндеу жұмыстарын жүргізген-ді. Оны әлеуметтік желілер арқылы көрдік. Газеттің өткен санында аудан жұртын ақпараттандырдық. «Бардық, құрмет көрсеттік» деумен бұл тақырып та жабылатын шығар деген кезекті ой сана түкпірінде жаңғырды. Жоқ... Олай емес екен.
Туған жерге тағзым ету үрдісін Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «киелі мекен» акциясына ілестіріп әкеткен аудан әкімі А.Сақыпұлы бұл жердің тарихын танытып, туған жердің атын әлемге шығару ісін мықтап қолға алуға ниетті секілді. Бастама көтеріліп жатыр. Алдағы жылдар еншісіндегі екпінді жұмыстар санатына енді Арыстан баб бабаның киелі мекені саналған Ақирек тауындағы айтулы жер енбек. Әрине бұған да үкіметтен ақша сұрап, аз қаржыны ары-бері тартқыламақшы ма деген ой тууы мүмкін. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы да қарастырылып жатыр-мыс. Қалай дейсіз ғой. Бабаның құрметіне, оның басында жасалатын игі жұмыстардың іске асуы үшін үнемі үкімет қаржысына қол жаймау мақсатында арнайы қор құру бастамасы көтеріліп жатыр. Дұрыс-ақ. Негізі мұндай жерлерге іштей құрмет көрсету аздық етеді. Тіпті, бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлу де жарасымды іс. Яғни, сол қасиетті жерге қиындықсыз жету үшін жақсы жол, қараңғы маңғаз даланы жарық ету үшін түнгі жарық шамдар, басына барып түнеп, зиярат ету үшін арнайы түнеухана немесе туристер тынығатын түрлі санаттағы қонақ үйлер салу біздің туристік әлеуетімізді арттыра түседі. Ал одан кейінгі күтіп ұстау шығындарына арнайы ашылатын қордың мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Орынды бастама көтерілген екен, біз де қолдаймыз. Елдің де ендігі тілегі сол сияқты.
Иә, не нәрсенің де жарнамасы күшті болса құмнан құдірет, судан шима шығаруға болады. Бізге де сол жарнама жағы жетіспей жатыр-ау сірә! Әйтпесе Арыстан бабты білмейтін ұрпақ жоқ. Ал оның жеті жайының бірі Аралда десе және оған бару үшін барлық жағдай жасалған десе, оған қарай тізгін бұратындар саны арта түсер еді деп ойлаймын. Бұрынғы ата-әжелеріміз «Ақиректе Арыстан баб, Түркістанда Қожа Ахмет» деп жиі айтатын тіркес бүгінгі буынның түсінде емес өңінде жиі жаңғырып тұрса, нұр үстіне нұр емес пе?! Енді соны жүзеге асыру ісі тұр алдымызда. Іске сәт!
А. БИСЕНОВ