Көшпелі отырыста білім саласының өзекті мәселелері талқыланды
Кеше Қызылордада ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Білім беру жүйесін трансформациялау және балалардың құқықтарын қорғаудың басым аспектілері» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Сенат депутаттары, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, облыстық басқарма және департамент басшылары, өңірлік жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Аудан әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, жауапты қызметкерлер бейнебайланыс арқылы қосылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кіріспе сөзінде көшпелі отырысты Сыр өңірінде ұйымдастыруға қолдау білдірген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлына, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Байтілесұлына алғысын білдіріп, аймақтың өзекті мәселелерін атап өтті.
«Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бюджеті биыл 650 млрд. теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Оның ішінде білім беру саласының бюджеті жыл сайын ұлғаюда. 2022 жылы сала бюджеті 206 млрд. теңге болса, 2024 жылы 309,7 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыс бюджетінің 41%-ын құрап, 2 жылға жуық уақыт ішінде 27,9%-ға артты. Нәтижесінде салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Өңірде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ға, 2-6 жастағы балаларды қамту 90,2 %-ға жетті.
Жаңа мектеп салу, апатты мектептерді және үш ауысыммен оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бұдан бөлек, 1 170 орындық 4 мектеп, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Биыл жаңадан 15 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы 7 млрд. 900 млн. теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 988 млн. теңгеге 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 926 млн. теңгеге 150 орындық мектеп салынуда. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектептің, Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мектептерге 375 орындық, жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында қосымша құрылыстар жүргізілуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Әкелер Одағы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Искендер Ержан сөз сөйледі.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, тәжірибелерін бөлісті.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде оқу орындарының, балалар ұйымдарының жұмысымен танысады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі