Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2024 жылғы Жеңіс күнін қанша ардагер қарсы алады

2024 жылғы Жеңіс күнін қанша ардагер қарсы алады

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек төленді, деп хабарлайды Zakon.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлы Отан соғысының барлық қатысушысына 9 мамырға орай жергілікті бюджеттер есебінен біржолғы ақшалай төлемдер берілді. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалды. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы 187 млн теңге бөлінді.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша соңғы жылдары көптеген облыстарда ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 млн теңгені құрады. Бұл ретте көптеген өңірлерде орташа мөлшерден жоғары сома төленді: Ақмола облысында – 3 млн теңге, Ақтөбе облысында – 2 млн теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында Ұлы Отан соғысының қатысушылары 2 млн теңгеден алды.

Бүгінде республикада Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: kaz.zakon.kz
06 мамыр 2024 ж. 264 0