Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 150 отбасы баспаналы болды

Қызылордада 150 отбасы баспаналы болды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Тасбөгет кентінде бой көтерген екі көпқабатты үйден 150 отбасына пәтер кілті табысталды.
Аймақ басшысы қоныстой иелерін құттықтап, игі тілегін арнады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш» деп ерекше тоқталған болатын. Президентіміз халықты тұрғын үймен қамтуға айрықша мән беріп, мемлекет шын мұқтажға жәрдем жасайтынын үнемі айтып келеді.

Осындай қолдаудың арқасында кейінгі жылдары еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны толастаған емес. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғын өз үйіне қоныстанды.

Халықтың жайлы өмір сүруінің басты алғышарты – баспанамен қамту жұмыстары биыл да жалғасуда. Бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 950-дей пәтер облыс орталығына тиесілі. Жыл басынан бері 462 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін 150 отбасы баспана бақытына кенеліп, жаңа тұрғын үйлердегі әр пәтер қуаныш пен шаттыққа, балалардың күлкісіне толады. Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Рәсімде Индира Кенжетаева қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев ақ батасын берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Айта кетейік, «Аман құрылыс», «Интегрострой», «AЭS and limited» компаниялары салған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылы тамыз айында басталған еді. Жаңа пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалаларға табысталды.
Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: ашық дереккөз 
27 мамыр 2024 ж. 297 0