Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғай ауылдардың шаруасы ширақ

Шалғай ауылдардың шаруасы ширақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік халық үніне құлақ асуға, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Құрғақ уәде бермей, жұмыс істеуі керек! Осы қағидатты Үкіметтің барлық мүшесі және әкімдер берік ұстануға тиіс» деп анық атап өткені баршаға мәлім.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапқан. Расында билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Жалпы осы тұжырымдама төңірегінде халық пен биліктің арасында диалог орнауы бұл тәуелсіз еліміздің ертеңін еңселі ете түсеріне бірден-бір кепіл.
Президент Жолдауында айтылған бұл бастама қазірдің өзінде нәтижесін беріп келе жатқанына көпшілік куә. Бұқараның бұл қолдауы алда талай табысты жолдың бастауы болары анық.
Мұндай ашықтық, бұқара мен билік арасындағы байланыс ауданда да өте тығыз. Қос тарап арасындағы көпір қай мәселені де екіжақты шешуде зор ықпалын тигізіп келе жатқан кездесулер осы аптада да жалғасын тапты.
Бұл жолғы сапарда аудан әкімі шалғай орналасқан ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ат басын алғаш болып Қосаманға тіреген әкім Мемлекет басшысының бастамасымен туған жерге тағзым ету үрдісін жалғастырып, алдымен Қосаман кесенесін көрді. Жөндеуді қажет ететін жәдігерді сақтап қалу үшін жасалып жатқан жобалармен танысып, одан кейін ауылдық клубта қосамандықтармен кездесу өткізді.

Елдегі елеулі өзгерістер мен жасалып жатқан жұмыстардан хабардар еткен соң, ел азаматтарының өтініш-тілектерін тыңдап, оларға тұшымды жауаптар берді.
Ауыл халқының алғашқы сұрағы ауыз су, электр желісінің тозығы жетуі мен кіреберіс жол қатынасының қиындығы туралы болды.
Бұл жөнінде аудан әкімі Қосаман және Ақеспе елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су тарту жұмыстарына жоба әзірлеу қолға алынғандығын айтып, жол мәселесі демеушілер есебінен шешілетіндігін жеткізді және сала басшыларына тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырма жүктеді.
Одан соң, аудан әкімі "Арал-Сарыбұлақ" топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесінің "Қосаман" бас су тоғаны №1 су көтеру стансасында болып, Арал және Қазалы ауданын сумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысанның жұмысымен танысты.   
Сапар одан әрі Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекенінде жалғасты. Ауылдық медициналық бекет пен мектепте болған аудан әкімі Ақеспе ауылдық клубында жергілікті жұртшылықпен жүздесті.
Бұл жерде де елге қажетті мәселелер тақырыпқа арқау болып, елді мекеннің құм басқан жерінен медициналық бекетті тұрғындардың жаңа қоныстанған аумағына көшіру мәселесі сөз болды.
Осы ретте, аудан басшысы сала басшысына мәселенің тиімді жағын қарап, заң аясында шешімін табуын қарастыруды тапсырды.  Сонымен қатар, алдағы уақытта Ақеспе ыстық су бұлағына дейінгі автомобиль жолының құрылысының жобасы әзірленіп, қаржыландырылуға сұраныс берілгенін жеткізді.
Сапардың алғашқы күні аудан орталығынан шалғайда орналасқан Беларан ауылдық округінде түйінделді. Мұнда қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мемориалдық белгісі орналасқан Беларан шыңында болды.
Одан соң, Құланды ауылдық клубының уақытша көшірілген ғимараты мен медициналық бекетін көрді.  
Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес елді мекенде іске қосылған су тұшыту қондырғысының жұмысын да бағамдап өтті.
Бұған дейін беларандықтар ауыз суды 60 шақырым қашықтықтағы көршілес Бозой елді мекенінен тасып ішіп келген еді. Қазіргі таңда ауылдағы 57 шаңырақ орнатылған құрылғының көмегімен таза ауыз судың игілігін көруде. Бүгінде қондырғы сағатына 1 текше метр суды тұщытады.
Сондай-ақ, №77 орта мектебінде ауыл халқымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу аясында беларандықтар жол қатынасының жағдайы мен елді мекенге ауылдық клуб құрылысын салу, электр желісін жаңғырту, аяқ су желісін жүрігізу және медициналық бекетке жедел жәрдем автокөлігін бөлу мәселесін көтерді. Өз кезегінде, Аманжол Оңғарбаев аталған мәселелер ұдайы назарда екенін, олардың кезең-кезеңімен оң шешімін табатынын алға тартты. Ал, жедел жәрдем көлігіне байланысты сауалға Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы алу мүмкіндігі қарастырылатындығын айтты.
Құланды ауылдық округінің орталығы Ақбасты елді мекенінде болған сапарда Аманжол Сақыпұлы алдымен "Қосаман-Ақбасты" су құбыры 34 шақырым насос стансасы мен елді мекенге жаңадан салынып жатқан су айдау насосының құрылысымен де танысты.
Аталған жұмыстарды мердігер мекемеге үстіміздегі жылы сапалы аяқтауды міндеттеді. Мұнан бөлек елдімекендегі өзге де әлеуметтік нысандарды көріп, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Жұмыс сапары аясында көктем мезгілінде ерінді қар сулары салдарынан шайып кеткен "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының техникалық жолының жағдайын көріп, тиісті сала басшыларына қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді ескертті.
Атап өткен жөн, аудан әкімі осы кезге дейін ауданға қарасты барлық қала, кент және ауылдық округтерді аралап, 40-тан аса елді мекендерде болды. Кездесулер барысында 200-дің үстінде тұрғындар тарапынан талап-тілектер мен өтініштер жинақталды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

01 маусым 2024 ж. 387 0