Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілігі жоғары маңызды мәселелер қаралды

Жауапкершілігі жоғары маңызды мәселелер қаралды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асу барысы талқыланды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытындысы шығарылып, алда атқарылатын істердің ауқымы белгіленді.
Жиынға өңірдегі ірі құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
Аймақ басшысы өңірдегі құрылысы жүргізілетін нысандардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
«Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан және тікелей бақылауындағы ұлттық жоба. Оны уақытылы әрі сапалы орындау – аса маңызды мәселе. Барлық жұмыстар мерзімінде аяқталуы тиіс. Біз өз тарапымыздан мердігер мекемелерге қолдау көрсетуге дайынбыз, бірақ жұмыс жоғары деңгейде орындалуы керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Еске салсақ, биыл Қызылорда облысының бюджеті 678 млрд теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда. Инфрақұрылымды дамытуға 45 млрд 200 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтуға 11 млрд.теңге, жылу қазандықтарын жөндеуге 4,8 млрд.теңге, ауыз сумен қамту және суды бұруға 5,4 млрд.теңге, газбен қамтуға 6 млрд.теңге, электр желілерін жаңғыртуға 11 млрд.теңге, жылу желілерін жаңғыртуға 7 млрд.теңге қаржы бағытталды. Сондай-ақ 33 млрд теңгеге 300 шақырымға жуық автомобиль жолы жөндеуден өтеді.
Облыс орталығында соңғы жылдары сәулетті нысандар бой көтеріп, халықтың көз қуанышына айналды. Жыл басынан бері 1000 орындық «Өнер орталығы», жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы қолданысқа дайын.
Бүгінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынуда. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алған.
Қан орталығы жақында пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Биыл 11 амбулатория және 1 ауылдық аурухана, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында көпбейінді ауруханалар жанынан қосымша құрылыстар салынады. Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисі орталығының, орталық стадионның құрылысы басталды.
«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 350 млн теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 650 орындық заманауи үлгідегі жаңа музыкалық колледж ғимаратының құрылысы басталды. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтары салынуда. «Жыраулар үйі» пайдалануға берілді. Сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Орталық алаң демеушілер есебінен жөндеуден өтуде. Нысан жақын күндері халық игілігіне табысталады.
Аймақ басшысы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тоқталып, қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Еске салсақ, жуырда елімізде өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына өңір еріктілері, бюджет саласы мен кәсіпорындар қызметкерлері белсенді қатысты. Іс-шара барысында қоқыс қалдықтары шығарылып, скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандары, өзен-көлдер мен арықтар, аулалар мен көшелердің бойы тазартылды. Бұл жұмыстар жалғасын тауып, елді мекендердің тазалығы мен тартымды сыртқы келбетін күнделікті қадағалау қажет.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
02 маусым 2024 ж. 223 0