"Асыл мекен": Жаңа бағдарламаның игілігі көп

Аудан, ауыл тұрғындарына арналған жаңа ипотекалық бағдарлама «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысушылардың жасы 18 бен 70 жастағы барлық қазақстандықтарға арналған. Яғни қарыз алуышының борышын өткегенде жасы 70-тен аспауы көзделген.
Бағдарлама бойынша тұрғын үйді ауылдық елді мекендерден сатып алуға болады. Несиенің ең жоғары сомасы - 10 млн теңгені құрайды. Бұл қаржы 5 пайыздық мөлшерлемемен 8 жыл мерзімге беріледі. Дегенмен «Отбасы банкте» ашылған есеп шотыңызда 10 пайыздық алғашқы жарна болуы тиіс. Өтінімді тек онлайн режимде hcsbk.kz сайтындағы бейне операторлар арқылы беруге болады.
Ауыл мен аудан халқы үшін баспаналы болуға жол ашып отырған бағдарлама туралы ақпарат көздерінде осындай мәліметтер келтірілген. Бұл жаңалықты естігенде, көптің көкейінде "баспаналы боламын" деген арман оянды. Әсіресе бағдарлама ауыл мен аудан тұрғындарына бағытталып тұрғандықтан, біздің өңірдегі үйлі болуды жоспарлап жүргендерге тіптен қуаныш сыйлағаны сөзсіз.
Әлеуметтік желіден жаңалықты оқығанда кеудесін қуаныш кернеген жанның бірі – Ақмарат Кемалқызы. Ол жеке кәсіпкер. Түрлі жарнамалық тапсырыстар орындаумен айналысады. Жақсықылыш кентінде тұратын жас келіншек баспана алу үшін қаражат жинақтап жүрген.
– Жуырда қолға алынған «Асыл мекен» ипотекалық бағдарламасы ауылда тұратын біз секілді жастарға бағытталғаны қуантып тастады. Сайттағы ақпараттарда көбі «10 миллионға үйлі болу мүмкін емес» деген пікірлер қалдырып жатыр екен. Мен бұған келіспеймін. Бағдарлама ауыл халқына бағытталғандықтан, ауылдан бұл мөлшердегі қаражатқа жақсы үй табуға болады. Өзім 3 жылдан бері «Отбасы банктің» салымшысы ретінде қаржы жинақтап келемін. Бұйырса, бағдарламаға қатысып көрсем деген ойым бар, – деді ол.
Бүгін біз ақжолтай жаңалықты аудан халқына тезірек жеткізуге асықтық. Алдағы уақытта «Отбасы банктің» аудандағы бөлімшесі мамандарымен бірлесе отырып аталған бағдарламаға қатысты толымды ақпарат ұсынатын боламыз.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ