Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал мәселесі Әлем назарында

Арал мәселесі Әлем назарында

Қызылорда облысына арнайы іссапармен келген Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация өкілдері және Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова ауданда болды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында екі мемлекет арасындағы әріптестік ынтымақтастық негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Э.Макронның қатысуымен «One Water» саммитін өткізу жоспарланған.
Аталмыш саммиттің БҰҰ ұйымы аясында өткізілуі оның дәрежесінің жоғарылығын айқындап, құжаттарының орындалу мүмкіндігін арттырады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану және Арал өңірінің экологиялық мәселесін жақсарту мақсатында өңірге келген делегация өкілдері алдымен балықшылар аллеясы мен балықшылар мұражайын аралап, жергілікті жердегі ата кәсіпке қатысты тарихи деректерге қанықты.
Одан соң «АralSeaFood» балық өңдеу зауытында болып, теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарының барысын көрді. Мұнда шетелдік қонақтарға ауланған балықтардың өңделіп, қатырылып, шет мемлекеттерге экспортталу жолдары түсіндірілді.
Делегация мүшелері теңіздің тартылуы әсерінен болған экологиялық мәселелермен танысып, оны жақсарту мәселелерін талқылауды «One Water» саммитіне ұсынатын болады.
Франция мемлекетінің өкілдері ауданға жасаған сапары барысында «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасының қазіргі жағдайымен танысып, теңіз ұлтанына егілген сексеуілдерді көрді. Делегация өкілдерінің сапары Қазалы ауданында жалғасады.
Атап өтейік, биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Бұған дейін Еуропалық одаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері ауданда болды.
"Толқын" ақпарат


14 маусым 2024 ж. 243 0