Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғанда тұқы өсіреді

Тоғанда тұқы өсіреді

Кіші Аралдың айдыны толғалы бері теңізде аудандағылардың ата кәсібі – балық шаруашылығы жанданып, қазір су маржанын сүзгендер өнімін бірнеше шет мемлекетке экспортқа жіберіп отыр. Одан бөлек, соңғы жылдары саланы дамытуға арналған бастама аясында тоған шаруашылығын құрып, тауарлы балық өндірісіне ден қойғандар көп. Тұқы балық өсіретін осындай шаруашылық Арал ауданында жұмысын бастады.

«Арал рыбторг» ЖШС басшысы Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша қазір 15 гектар аумақтағы 4 тоғанға балық жібе­ріліп жатыр.

«Өткен айда 7,7 млн балық жіберілді. Күзге дейін тоғандар ауданы 25 гектарға дейін ұлғаяды, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цех орнатуды бастаймыз. Келер жылы сатуға жарап қалатын балықтың алғашқы легі саудаға шығарылады», дейді ол.

Құны 150 млн теңге болатын жобаны бастағандар жы­лына 300 тонна балықты саудаға шығарады. Жалпы, осы ­салада жүргендер мемлекет тарапынан жасалған қолдау­дан кейін балық шаруашылығын дамытуға бет бұрған­дар көбейгенін айтады.

Балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жыл­дар­ға арналған бағдарламасы бойынша салық жеңілдіктері мен берілетін түрлі субсидия арқасында ісін дамытып отырғандар қатары артып келеді.

Осы күні өңірде сазан, ақ амур, дөңмаңдай және африкалық жайын секілді балық түрлерін тоғанда өсіріп жатқандар бар.

Қызылорда
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
04 шілде 2024 ж. 163 0