Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР МЕН КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР МЕН КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионда Құрылысшылар және Көлік қызметкерлері күніне орай  мерекелік іс-шара өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов,  Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов,  Мұрат Ергешбаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы мерейі мен мәртебесі жоғары, өшпейтін мұра, өлмейтін тарих жасаушы құрылысшылар мен көлік қызметкерлерін, жиналған қауымды  кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің жетістіктеріне тоқталды.
«Сыр елі Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биыл құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші бойынша республикада үздіктер қатарындамыз. Аймағымыздың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосқан, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін берген құрылыс индустриясын дамытуда сала мамандарының үлесі орасан зор.
Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде бюджет көлемі 733 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс саласына  мемлекеттік бюджет есебінен  133 млрд. 400 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаржыландыру көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе артты. Биыл облыс аумағында 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда  қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты.  Қаламыздағы 623 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су келеді. Биыл көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайызын ыстық сумен жабдықтау үшін Үкімет резервінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  2025 жылғы жылу беру маусымында ыстық су толықтай қосылады.
Аймақтың дамуына серпін беретін жол–көлік инфрақұрылымы саласында да ауқымды жобалар жүзеге асуда.  Қоғамда жиі талқыланған «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президентіміздің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртудан өтуде. Қазіргі кезде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды.
Құрылысшы, көлік  қызметкері –  жай ғана мамандық емес, елге қызмет етудің үлгісі. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елдің құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы - «Құрмет» орденімен  сала ардагері Жеткерген Оразбаев, «Қыран» ЖШС директоры Жайсан Сыздықов, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС бас инженері Юрий Нам, «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС учаске бастығы Серік Саркенжеев,  «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Астана-сервис ЛТД» ЖШС бас инженері Дүйсенбай Қорғанов, «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС автогрейдер машинисі Болат Оспанов, «Аман-Құрылыс»  ЖШС учаске бастығы Абай Байдраманов наградталды.
Сондай-ақ,  Қаржы саласының үздігі, салық саласының ІІІ рангілі мемлекеттік кеңесшісі  Дайрабай Ысқақовқа,  техника ғылымдарының кандидаты Шахизат Төребаевқа, мемлекет және қоғам қайраткері  Айтбай Көшербаевқа, жеке кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевқа Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Салтанатты шарада "Құрмет грамотасы", ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктерінің марапаттары табысталды.
Мереке отандық эстраданың жарық жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.
 Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
17 тамыз 2024 ж. 158 0