Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда актив отырысы өтті

Ауданда актив отырысы өтті

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан активімен кездесу өтті. Негізгі мақсат – ауданда орын алған кадрлық өзгеріске байланысты.
Жиында аудан әкімі А.Оңғарбаев осы кезге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, аудандағы бірқатар әлеуметтік салаларға жетекшілік жасаған Кете-Төлеби Досымжанұлы Бержановтың отбасы жағдайына байланысты басқа қызметке ауысып жатқандығын жеткізді.
– Бержанов Кете-Төлеби Досымжанұлы мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті кадр. Ол аудандағы жұмыс барысында басты индикаторлар мен межелі міндеттерге қол жеткізе білді. Жас та болса да ауданның идеологиялық жұмыстарына белсене кіріскен оның осы қызметтегі жүріп өткен жолы мен жас мемлекеттік қызметші ретіндегі потенциалы баршаңызға белгілі, – деді аудан басшысы.
Мемлекеттік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан білікті кадр Кете-Төлеби Досымжанұлы қызмет атқарған жылдары ауданда көптеген ауқымды шаралар аталып өтілді. Солардың бірі Арал қаласының 95 жылдығының ауқымды деңгейде аталып өтілуі еді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік салада жақсы жаңалықтар мен нәтижелі жетістіктер шоғыры қалыптасты. Бірнеше елді мекендерде жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық бекеттер салынды. Білім саласы бойынша да оң нәтижелер қалыптасып, аудан тұрғындары арасындағы түрлі мәдени шаралар, рухани кештер шымылдық түрді. Аудан жастары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру бағытында құзырлы мекеме басшыларымен бірлесе жұмыс атқара білді.
Жиын барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы К.Бержановқа ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан өзіндік үлесін үшін алғыс білдіре отырып, ауданның ең жоғарғы наградасы Құрмет грамотасын табыстады.
Мұнан соң актив отырысына қатысқан бір топ зиялы қауым өкілдері туған жер табанына келіп, елге қызмет істеген жас әрі білікті кадр саналған Кете-Төлеби Досымжанұлына өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы қызметіне абырой тіледі.
Жиын соңында К.Бержанов бірге қызмет істеген әріптестер мен алдыңғы аға буын өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
28 тамыз 2024 ж. 137 0