Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СПАРТАКИАДА: АРАЛ БІРІНШІ ОРЫНДА

СПАРТАКИАДА: АРАЛ БІРІНШІ ОРЫНДА

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Аудан әкімі А.Оңғарбаетың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілер арасында жиын өтті.
Басқосудың себебі мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған ХХІХ дәстүрлі облыстық, қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдары қызметкерлері арасында өткен спартакиаданың қорытындысы еді.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі еліміздің барлық аймағында лайықты деңгейде аталып өткен-ді. Өз мәресіне жеткен спартакиада соның айқын дәлелі. Бірнеше күнге созылған жарыста мемлекеттік қызметшілер спорттың 8 түрі бойынша сайысқа түсті.

Түрлі сайыс қорытындысы бойынша аудан құрамасы жеңіс тұғырынан көрінген спартакиада туралы аудан әкімі А.Оңғарбаев:
– Шара аясында шағын футбол, үстел теннисі, гір спорты, қазақ күресі, жүзу, тоғызқұмалақ, шахмат және волейбол спорт түрлерінен Арал ауданынан 39 мемлекеттік қызметші қатысып, аудан намысын қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша аудан спортшылары волейбол, үстел теннисі, шахмат, қазақ күресінен және гір спортынан І-орын, тоғызқұмалақ, суда жүзу жарысынан VI-орын, шағын футболдан VIІ-орын алып, жалпы командалық есепте мемлекеттік қызметшілерден құралған Арал ауданы құрамасы жүлделі l орынды жеңіп алды, – деді.

Естеріңізде болса мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі қарсаңында ауданда жаңаша форматта мерекелік кеш өткен болатын. Балықшылар алеясындағы ерекше кеште үлкен жауапкершілік арқалап жүрген сала басшылары мен білікті мамандар өзгеше қырларымен танылды. Сондай-ақ кеш барысында аудандағы мемлекеттік қызметшілер арасында вокалды инструментальды ансамбль құрылды. Мұндай ансамбль аудан тіпті, облыс тарихында бірінші рет құрылып отыр.

Басқосуда мемлекеттік қызметте өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, білікті маман ретінде ауданның көркеюіне үлес қосып келе жатқан бірқатар қызметкерлер марапат төрінен көрінді.

Алдымен мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген облыстық спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған Арал ауданы құрама командасының кубогын команда жетекшісі, аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысы Т.Әлжанов аудан әкіміне табыстады.

Мерекеге орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен Жақсықылыш кентінің әкімі П.Берсүгіров марапатталса, Қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелігісімен аудандық мәслихат аппаратының бөлімше басшысы Г.Қыдырбаева марапатталды.

Мұнан соң «Мемлекеттік қызметші күні» кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаты бір топ мемлекеттік қызметшілерге табысталды.
Сонымен қатар басқосуда мемлекттік қызметте қолтаңбасы қалған, осы салада еңбек етіп зейнетке шыққан ардагерлер сөз алып, мемлекеттік қызметтің маңыздылығы туралы салмақты ой түйіндеді.

Аудан әкімі А.Оңғарбаев жиын барысында мемлекеттік қызметші елдің айнасы, қоғамның қағылез мүшесі болумен қатар, саяси ортаның белсендісі екенін айтып, ар мен ұят, әдеп пен мансап және білімді болудың маңыздылығы турасында сөз сабақтады. Сонымен қатар мамандарды бір орында отырып қалмай, қызметтің түрлі сатысынан өтуге шақырды.
– Қазіргі таңда, республикада, тіпті облыс әкімдігінде қызмет жасап жүрген жерлестеріміздің үлесі төмен. Алдағы уақытта, облыс орталығына немесе республикалық деңгейде өз тәжірибелеріңіз бен білім-біліктеріңізді сынап көремін десеңіздер біз әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді аудан басшысы.

Жиын қорытындысында аудан әкімі қазіргі қоғамның басты індеті болған лудоманияның зияны жайлы айтып, қызметкерлер арасында кездесуі мүмкін бәс тігу немесе құмар ойын құрылғыларына тәуелділік сынды мәселені сынға алды. Мемлекеттік қызметшілерді осындай жолдан алыс болуға шақырды.
17 шілде 2024 ж. 117 0