Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылы: Мұғалімдер мен оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр

Жаңа оқу жылы: Мұғалімдер мен оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр

Елімізде жаңа оқу жылында білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі жаңа оқу жылында білім саласына енгізілетін реформалар мен жаңашылдыққа шолу жасады.

400 мың мұғалім, 8 мың мектеп және 4 млн оқушы

1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күні 7,9 мың мектепке 3,9 млн бала барады. Оның шамамен 360 мыңы – бірінші сынып оқушысы.

1 қыркүйекте «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді. 2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады.

Сондай-ақ Қазақстан мектептерінде 398 854 педагог жұмыс істейді.

Оның ішінде: 91 878 — модератор, 87 685 — сарапшы, 76 021 — зерттеуші, 3 566 — шебер.

Кім мектепте тегін тамақтанады
1 қыркүйектен бастап 1,7 млн қазақстандық оқушы мектептерде тегін тамақпен қамтылады. Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар.

302 жаңа мектеп ашылады

2024 жылы жаңа 536 мың оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңартылды

Былтырдан бастап барлық білім беру ұйымында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіле бастағаны белгілі.

Бүгінде биылдың наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Президент белгілеп берген міндеттерге сәйкес бағдарлама жаңартылды. Жаңартылған бағдарлама «Әділетті Қазақстан - Жауапты азамат - Прогрессивті ұлт» триадасы шеңберінде адамгершілігі жоғары, адал, табысты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған.

Жаңартылған бағдарлама шеңберінде білім алушыларда оң құндылықтар мен сапалы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәрбие жобаларын, әлеуметтік практикаларды іске асыру жалғасады.

Пәндер саны қысқаруы мүмкін

Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова педагогтардың тамыз конференциясында Қазақстан мектептерінде қандай пәндерді қысқартуға болатынын анықтауды тапсырды.

Тамара Дүйсенова соңғы жылдары мектеп бағдарламасына көптеген жаңа пән енгізілгенін баса атап өтті. Олардың қатарында "Қаржылық сауаттылық", "Бизнес негіздері" және "Дінтану" бар, ал әлемде вариативті оқу бағдарламалары кеңінен қолданысқа ие.

Біз бұл мәселе бойынша мамандардың пікіріне жүгінуіміз керек. Негізгісі ретінде қандай пәндерді қалдырамыз және қайсысымен вариативті немесе инвариативті түрде жұмыс істеуге болатындығын шешуіміз керек, - деді ол.

Күшті мектептермен жұмыс басталады

Бұл жұмысты Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ, Республикалық физика-математикалық мектеп жүргізеді. Таңдау құқығы өңірлердің өзінде.

Бұл операторлардың мақсаты - мықты жалпы білім беретін мектептерге білімді тарату. Ал мектептердің мақсаты - оларды енгізу және Оқу-ағарту министрлігі бекіткен KPI қол жеткізу.

Мұндай тәжірибе бізде бар. Назарбаев зияткерлік мектептері, Білімді тұрақты дамыту қорының «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп Атырау, Ақтөбе облыстарында жүргізген жұмыстары оқушылардың білім нәтижесінің едәуір артқанын көрсетті, - деген еді Тамара Дүйсенова.

Биыл Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ қатысуымен Білімді тұрақты дамыту қорының Маңғыстау облысында «Отпан» жобасын бастады. Жоба бойынша облыстың 50 мектебін қамтитын тірек мекептер жүйесі құрылады.

Баланы бір мектептен екінші мектепке қалай ауыстыруға болады?

Қазақстанда балаларды мектептер арасында ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет автоматтандырылды.

Енді ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды үйден шықпай-ақ, eGov.kz порталында жүзеге асыра алады. Онда тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс жерлерде көрсетілген кез келген білім беру ұйымын таңдау мүмкіндігі беріледі.

Жаңа процесс есептен шығару және бекіту талондарын, сондай-ақ жеке іс құжаттарын тапсыруды қажет етпейді. Мектеп таңдаған кезде оқу тілі де көрсетіледі. Сондай-ақ өтініш берушінің өтінімді қайтарып алуға мүмкіндігі бар.

Колледж студенттерінің стипендиясы өседі

Өткен жылдың қыркүйегінде 250 мың колледж студентінің шәкіртақысы 50%-ға өскен болатын, ал биылғы қыркүйекте енді 300 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы тағы 50%-ға артады.

«Цифрлық мұғалім» басталады

Білім беру ұйымдарында 2024 жылдың қыркүйегінде «Цифрлық мұғалім» жаңа жобасы басталады. Бұл жоба әлеуметтік осал топтардан шыққан оқушыларға қорытынды емтихандарға дайындалуда қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар оқушыларға цифрлық оқу материалдары мен қосымша сабақтарға қолжетімділік беріледі. Осы мақсатта әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлық мұғалім» жобасын іске асыру бойынша Жол картасы әзірленді. Жоба бойынша ел аумағында 2000-ға жуық оқушы қамтылады.

Сурет: ашық дереккөз 
29 тамыз 2024 ж. 167 0