Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Конституция күнімен құттықтады

Аудан әкімі Конституция күнімен құттықтады

Құттықтау
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді еліміздің ұлық мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын!
Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұланғайыр атырап қазақ жұрты ежелден «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» сынды заңдарға бағынған. Сол ескі жолдың сүрлеуімен жалғасын тапқан Ата заң бүгінде егемен еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттайтын тарихи құжатқа айналды. Мұнда мемлекетіміздің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың мақсат-міндеттері көрсетілген.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесінен жоғары қойылуы Ата заңның басты ұстанымы. Әлемдік тәжірибе мен озық бастамалардың тиімді тұстарын саралай келе түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген саяси құжаттың салмағы басым. Жаңартылған Конституцияның негізінде жаңа құқықтық жүйе қалыптасты. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі жақтарын реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орнын жоғарылатуда.
Болашақ ұрпақтың жүзін жарқын ететін мақсатқа біз асқан табандылықпен, ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз. Ол үшін Ата заңымыз – Конституцияның айқындап берген бағытын басшылыққа алуымыз керек.
Айтулы мереке қарсаңында өздеріңізге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін.
Батыр Б.Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой. Ынтымақ пен бейбітшілікті ту еткен еліміздің абыройын асқақтата түсетін қуанышты күндер көп болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі А.ОҢҒАРБАЕВ

30 тамыз 2024 ж. 107 0