Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Конституция күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Конституция күнімен құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді еліміздің ұлық мерекесі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Конституция – қағаз жүзіндегі құжат емес, елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік.
Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі де, ең басты елдік ұғым. Ал Конституция – мемлекеттіліктің іргесін бекітумен қатар оның халықаралық құқықтық кеңістікте демократиялық үдерістерді басты бағдар ете отырып, ұдайы өркендеуін қамтамасыз ететін негіз.
Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды.
Біз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Мемлекет басшысының бастауымен «Жаңа Қазақстанды» құруды ұлы мақсат еттік.
Биыл ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі –  республикалық референдум өткізілді. Бүгіннің ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәтте барша қазақстандықтар өз таңдауын жасады. Нәтижесімен Ата заңымыздың 33 бабына қайта түзету енгізілді. Аудан халқы аталған саяси науқанда белсенділік таныту арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас -ынтасын байқатты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз», – деді. Осылайша жаңа референдумды қабылдаған еліміз жаңа кезеңге қадам басты. 
Бір шаңырақ астында жүзден астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған Қазақстан Республикасындағы барша азаматтардың негізгі сүйенері де, қорғаны мен қамқоршысы да  – Ата заңымыз десек жарасымды.
Құрметті жерлестер!
Айтулы мереке күні барлық жерлестерімізге, отбасыларына амандық пен саулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бірлігіміз бекем болғай!  Мереке құтты болсын!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі С. Сермағамбетов
30 тамыз 2022 ж. 477 0