Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Конституция күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Конституция күнімен құттықтауы

Ардақты ағайын!
Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен құттықтаймын!
Осыдан 26 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі негізін қалады.
Конституция – егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын басты құжат. Уақыт сынынан сүрінбеген Ата Заңымыз бүгінде азаматтардың өзара бітімде өмір сүруіне жағдай туғызып отыр. Конституцияның негізгі тірегі – халық бірлігі, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық секілді ерекше құндылықтарды құрайды.
Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституция экономикалық өрлеу мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз етіп келеді. Ата Заңда көрсетілген қағидалардың салтанат құруы бұл ішкі тұрақтылықтың кепілі. Заңдылықты бұлжытпай орындау, сақтай білу жауапкершілігі арқылы біз еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз.
Ата Заңымыз – әділет пен тең құқықтың өлшемі. Сондықтан әрбір азамат өзін мемлекет міндетті түрде қорғай алатынын нық сезінеді, азаматтардың бостандығына нақты кепілдік беретініне кәміл сенеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Іс жүзінде қазіргі Конституциямыздың иесі – Қазақстан халқы. Сондықтан бұл еліміздің негізгі Заңына тек жоғары заңдық мәртебе ғана емес, сонымен бірге, рухани адамгершілік күш-қуат та бере түседі» деген болатын.
Бүгінгі таңда Конституция негізінде елімізде жаңа құқықтық жүйе қалыптасуда. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі жақтарын реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орнын жоғарылатуда.
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Ата Заңымыз – Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе жаңа жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!


Ізгі ниетпен, аудан әкімі С. Сермағамбетов
30 тамыз 2021 ж. 1 568 0