Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды құттықтады

Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды құттықтады

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.
Қадірлі сырбойылықтар! Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің басты құжаты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Ата Заңмен өмір сүру – білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғары мектебі».
Әлемде алуан рет Конституция қабылдап, басқару жүйесін соған негіздеген мемлекеттер өркениетті қоғам құрудың алғы шарттарын жасағаны белгілі.
Осы тұрғыда Қазақстандағы мемлекеттік құрылым, Конституциялық құрылыс идеясы мен тарихын зерделесек, оның ғасырлар қойнауының тереңінде жатқанын көреміз.
Ұлы Даланың өсиетіндей «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» жәнеӘз Тәукенің «Жеті Жарғысы» сол кездің өзінде-ақ аса маңызды роль атқарды.
Ал, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыз заман талабына сай мемлекет пен қоғамның демократиялық тұрғыда жаңаша дамуына, қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларының түпкілікті жаңғыруына негіз қалады.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесінен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылды. Сондықтан да оны еркіндік пен бостандықты армандап өткен ата-бабаларымыздың мақсат-мұраттарының орындалғаны, дала демократиясының заңды жалғасы деп айта аламыз.
Міне, енді биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылында Қазақстанның Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтсақ, «Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз. Қазіргі қиындықтарды бірге еңсеріп, көздеген мақсатымызға жететінімізге сенімім мол».
Қымбатты жерлестер! Сіздерді еліміздің басты мерекесі – Конституция күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық-саулық, береке-бірлік, мықты денсаулық тілеймін! Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, ғұмыры мәңгі болғай!

kyzylorda-news.kz
30 тамыз 2021 ж. 478 0