Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр бойы студенттері жатақханадан тарықпайды

Сыр бойы студенттері жатақханадан тарықпайды

Жаңа оқу жылы қарсаңында жаз бойы жайма-шуақ жатқан шаһарда абыр-сабыр тіршілік басталады. Өйткені қаздай тізіліп, мектепке бет алған оқушылар мен топтасқан студенттер тағы бір оқу жылының бастау алғанын білдіреді. Осындай сәтте бір үйдің үмітін арқалап, қалаға жеткен жас­тарды ойландыратын басты мәселе – жатақхана екені рас.

Осыған байланыс­ты өңірдегі оқу орын­да­­рының жағдайын саралап көрдік. Сыр білімінің қара шаңырағы саналатын Қор­қыт Ата атындағы Қызылорда уни­верситетінде бұл мәселе то­лық шешімін тапқан. Осы күні университет балансында 780 орынға арналған 4 студенттік жатақхана бар. Сонымен қа­тар әріптестік келісімшарт негі­зінде «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын «Өрке­ниет», «ДиЛМАШ», «Инкар 7» ЖШС жатақханаларынан 680 орын пайдалануға беріледі.

«Осылайша, қазір оқу орны жатақханадан студенттерге 1 460 орын ұсынып отыр. Бүгінге дейін 1027 студент жатақханаға жолдама алды. Сонымен қатар 25 қан­­дас университеттің білім гранты­мен, шет мемлекеттен келген ­тағы да 15 жас арнайы даярлық курсында білім алады. Бұлардың бәрі жатақханамен толық қамты­ла­­ды», дейді уни­верситеттегі баспа­­сөз қызметінің мамандары.

Студенттерді жайлы жатақха­намен қамтып отырған оқу ор­нының бірі – «Болашақ» уни­вер­ситеті. Университет Абай кө­ше­сі­нің бойындағы бұрын­ғы ­ғима­­рат іргесінен зәулім жатақхана салып, білім алу­шы­ларға барынша жағдай жасаған еді. Қала­­ның сол жағалауынан бой көтер­ген қазіргі кампус құрамында да 2 бір­дей жатақхана тұр. Бірі – 111, екіншісі – 92 орындық 5 қабатты қос ғимарат, ішінде оқу залы, демалыс бөлмесі, спорттық жаттығу залы мен медпункт, студенттер кеңесіне арналған бөлмелері бар.

М.Мәметова атындағы Қызыл­орда педагогикалық жоғары кол­леджі де – осы салаға талай мың­даған маман даярлаған байырғы оқу орнының бірі. Колледж директоры Жақсыгүл Тоғанованың айтуынша, оқу орнында 248 орынға арналған жатақхана бар.

Осыдан 5 жыл бұрын Қызыл­орда медициналық жоғары кол­леджі студенттері үшін 330 орын­дық жаңа жатақхана салы­нып, пайдалануға берілген. Дем­алыс орнымен қатар медици­на­лық пункт, оқу залы бар жатақхана тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, кір машинасы секілді тұрмыс­тық техникалармен қамтыл­ған. Жатақханада мәдени іс-шара жүйелі өтіп тұрады. «Orda» жо­ғары колледжіндегі 100 орынға арнал­ған жатақханада да алыс аудандардан келген студенттерге барлық жағдай жасалған.

Былтыр облыстағы білім жүйесін дамытудың өңірлік жол картасы қабылданған. Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті әкімдік бірлесіп жүзеге асыратын жол картасында 8 бағыт бойынша 107 іс-шара жоспарланыпты. 2023-2029 жылдар аралығын қамтитын құжатқа қол қою барысында облыста студенттер үшін 2 жатақхана бой көтеретіні де айтылды.

Жалпы, білім саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асы­­руға жекелеген компаниялар қосқан үлес мол. Кейінгі ­10 жылда мұнай компаниялары өңір­дің әлеуметтік-экономика­лық дамуына 16 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы аударыпты. Бүгінде «ҚазГерМұнай» компаниясы ­2 млрд 350 млн теңгеге 350 орын­дық заманауи үлгідегі Оқушылар ­сарайын са­лып жатыр. «Саутс Ойл» ком­паниясының демеушілігімен қа­ланың сол жағалауынан музы­калық колледждің құны 4 млрд 800 млн теңге болатын 650 орын­дық жаңа ғимарат құрылысы да бой көтеріп келеді.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
03 қыркүйек 2024 ж. 83 0