Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банктер Үкіметтен ақша алып, оны халыққа жоғары пайызбен несиеге беріп отыр – экономист

Банктер Үкіметтен ақша алып, оны халыққа жоғары пайызбен несиеге беріп отыр – экономист

Бейсенбек Зиябеков экономика ғылымының докторы, профессор Банктер Үкіметтен демеу қаржы алып, оны халыққа қымбат несиеге беріп  қана отырғанын айтады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
– Бейсенбек Зиябекұлы, біз осы уақытқа дейін «Қазақстандағы банк секторы ТМД көлеміндегі озық жүйемен дамып келеді. Елдегі банк саласының бәсекеге қабілеттілігіне күмән жоқ» деген ақпараттарға сеніп келдік. Әйтсе де қазір қайсыбір банктердің «қайраңда қалған қайықтай» күй кешіп отырғаны жасырын емес. Сіз кезінде банк секторын басқарған маман, экономист ғалым ретінде елдегі банк жүйесін қожыратып алғанымызды мойындайсыз ба?
– Қазір елдегі банк саласына қатысты сын айтушылар да, жанашыр пейілмен ақыл-кеңес берушілер де жетіп-артылады. Өз басым «банк жүйесі дұрыс бағытты бетке алмаса, тоқырауға ұшырайды» дегенді осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын айтатын жерде айтып, жазатын жерге жазған болатынмын. Осы мәселеге байланысты өзіндік ұсыныстарымды өткізе алмай, дал болғандардың бірі мен едім. Кезінде банк саласына қатысты мамандар тарапынан айтылған ескертпелер мен ұсыныстар ескерілгенде, біздің банк жүйесі нақ қазіргідей қожырауға түспейтін еді. Өкінішке қарай, ол кездері сөзіміз тыңдалмады. Енді келіп амалсыз банк секторында орын алып отырған олқылықтардың бар екенін мойындамасқа лаж жоқ.
 Мысалы, тиісті тарапқа бағытталған қандай ұсыныс-ескертпелеріңіз ескерусіз қалған еді?
– Біз кезінде «елдегі банк саласы экономикамызды дамыту мақсатында жұмыс істеп жатқан жоқ» дегенді ашып айттық. Біздің елдегі банк жүйесі әу бастан бәсекеге қабілетті болуды білмеді. Банктер Үкіметтен демеу қаржы алып, оны халыққа қымбат несиеге беріп таратып  қана отыр. Мұндай үрдістің даму мен өркендеуге жетелемейтіні сол кездің өзінде белгілі болған. Мұны біз алдын ала болжап, бажайладық. Өз басым сол кездің өзінде аймақтық банктер құру қажеттігін жетесіне жеткізе дәлелдедім. Мәселен, бүгінде республика халқының 43 пайызы ауылды жерлерді мекен етеді. Бірақ  осы уақытқа дейін сол ауыл-аймақтағы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында бірде-бір банк құрылды ма? Жоқ, құрылған жоқ. Бұл мәселе сол кездері ескерілуі керек еді. Алайда бұл ұсыныстарымыз ескерілмеді. Жасыратыны жоқ, бізде нақты айтылатын ұсыныстар легі баршылық. Бірақ сол ұтымды ойларды дер кезінде бірден тәжірибеге енгізуге келгенде енжарлық басым.
– Енді осы олқылықтардан құтыла аламыз ба? Үкімет аймақтық банктер құруға енді кіріссе кеш пе?
– Біз осы уақытқа дейін «Қазақстандағы банк жүйесі ТМД көлеміндегі ең озық жүйемен дамып келеді» дегенге сеніп келдік. Бұған қоса біз күні бүгінге дейін банкте қызмет ететін мамандарды, қаржыгерлерді ғұлама ғалымдармен тең дәрежеде көрдік. Айналып келгенде, жағдай тіптен басқаша еді. Тіпті қажет десеңіз, қазірдің өзінде біздің банк жүйесінде білікті мамандар саусақпен санарлық екені жасырын емес. Қазақстанда әлі де болса сауатты банк секторы қалыптаспаған жоқ. Біз әу бастан банк жүйесін ұлттық экономикаға бейімдеп барып құруымыз керек еді. Біздің ұлттық экономиканың негізі мұнай мен газдан бөлек, агросектор екенін үнемі айтып жүрміз. Бірақ нақ осы агро саланы дамытуға келгенде, ауылға қаржы бөлуге келгенде асықпаймыз.  Егер біз осы уақытқа дейін банктер арқылы ауылға арзан несие апарып, ауылдың экономикалық әлдеуетін көтеріп алғанымызда, сырттан келетін қарызға тәуелді болып отырмас едік. Біздегі банк саласы, әлі күнге дейін  шетелден келетін қаржыға тәуелді болып отыр. Елдегі банк жүйесі шетелдің арзан несиесімен қоректенуге тым бейім болып алды. Ескергенге бұл – өте қауіпті дүние. Банк жүйесін өркендету үшін біз алдымен осы қауіптен арылғанымыз жөн. Банк саласы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына себепші болуы керек. Міне, сонда ғана бұл салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуімізге болады. Мысалы, қазір бізде ауыл шаруашылығында несие жүйесі атымен жоқ. Жыл сайын ауылға бөлінетін қаржыны қандай жолмен жеткізу керектігіне бас қатырамыз. Ауылға қаржыны біресе холдингтер арқылы жібереміз, енді бірде «мұны жергілікті әкімшіліктерге жүктеу керек» дейміз. Әйтеуір, ауылға бағытталған қаржыны бөлу тетігі жыл сайын өзгеріске түседі де жатады. Бұл тұрғыда бізде белгілі бір жүйе жетіспейді. Егер осы уақытқа дейін ауылға несие жүйесін құрып бергенімізде, бұл жүк сәл де болса жеңілдер еді.  Елде ауылдың қаржылық жүйесін арттыратын банктер болуы керек. Бір ескеретіні – ол банктер тек мемлекеттік банк болуы тиіс. Мәселен, Кеңес өкіметі кезінде ауылдың несиелік портфелі 68 пайызды құрапты, қазір бұл көрсеткіш 3-ақ(!) пайыз. Айырмашылық жер мен көктей. Егер ауыл алға жылжысын, ауылдың қабілеті артсын десек, онда Агробанктер құрылуы керек. Бірақ тағы да қайталап айтамын, ол банктер мемлекеттік болуы тиіс...
– Өзіңіз білесіз, Үкімет әруақытта банктерді қолдап отырады. Дағдарыс кезінде бірқатар  банктерді өзінің қолтығының астына алды. Қалай ойлайсыз, банктерді мемлекет қамқорлығына алу қысылтаяңда оларға дем бере ме?
– Негізінде, банк саласы – экономиканың «күретамыры» іспетті нәрсе. Ал осы «күретамырды» біз – енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан мемлекет кезінде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Есіңізде болсын, енді-енді Тәуелсіздік алған тұстары  банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осықаржылық құралды тым еркінсітіп жібердік. Мемлекеттік бақылауды азайтып алдық. Сондықтан бұл арада тағы да сол мемлекеттік бақылау, қадағалау мәселесінің шеті шығады.
– Біздің қайсыбір қаржыгерлеріміз «таяу болашақта отандық банктердің ауқымы кең шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігі басталады» дегенді айтып қалады. Сіз өз тарапыңыздан мұндай пікірлерге қалай қарайсыз? –Жалпы, біз өзі әсіреқызыл пікірлер айтуға тым бейімбіз. «Отандық банктер таяу болашақта сыйымдылығы кең шетелдік нарыққа шыға алады» дегенге өз басым сене қоймаймын. Ол үшін, әрине, бізге әлі біраз маңдай тер төгу керек. Меніңше, бұл баз біреулердің асыра сілтеп айтқан ойлары болуы керек. Негізінен, біз банк жүйесін жасақтауда әлі де болса басқаны қойып, білікті мамандарға қол жеткізе алмай отырмыз. Осыған қатысты бір мысал айтайын. Мәселен, Жапонияда банктер арнайы мамандарды қызметке аларда әрқилы көзқарастағы, әртүрлі пікірдегі адамдарды жұмысқа алуға тырысады екен. Бұл ретте жапондардың ойы «қандай да бір мекемеде дәйім пікір қайшылығы болып тұруы керек. Сонда ол мекеменің жұмысы алға басады» дегенге саяды. Рас, логикалық түрде ойласаңыз, пікір қайшылығы болған жерде қоғам дамиды. Бізде керісінше, тек банк саласы ғана емес, кез келген мекемеде командалық жүйемен жұмыс істеу деген бір дерт бар. Бұл дерт соңғы кездері әсіресе қаржы саласында асқынып бара жатқанын мойындауымыз керек. Тамыртаныстық дендеген жерде қаржы саясаты дамымайды. Негізінен, қаржы саясаты асқан салқынқандылықты талап етеді. Менің ойымды түйіндей келе айтарым — осы. Біз банк секторын жандандыру үшін алдымен осы командалық тұрғыда жұмыс істеуден арылуымыз керек. Бұл саланың әлеуеті сонда ғана артады. Сонда ғана барып біз нәтижелі жетістіктердің жемісін көретін боламыз..
– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік банк жүйесі келе бастады. Қаржы жүйесінде шетелдің экспанциясына тәуелді болу қазаққа не береді деп ойлайсыз?
– Мен өз басым қарапайым тұтынушы ретінде шетелдің банкісінен несие аламын ба, әлде отандық банктердің қызметіне жүгінемін бе, оған аса таңдау жасап жатпаймын. Сондай-ақ бұл ретте маған қайсысының қызметі тез әрі жылдам, пайыздық төлемі арзан болса болғаны... Бұл бір деп қойыңыз. Екінші жағынан шетелдік банктерге қарап, біздің отандық банктер бәсекеге қабілетті болуды ойлануы тиіс. Сондықтан шетелдік банктердің елге келуіне жеке басым оң көзқарастамын. Меніңше, бұл – қазаққа бәсекеге бейім болуды үйретеді деп үміттенуіміз керек...
– Керісінше, бұл үрдіс қаржылық қауіпсіздігімізге қандай да бір нұқсан келтірсе ше?
– Өз басым, бұдан аса қауіп көріп отырған жоқпын. Шетелдік банктер жекелеген банк секторы болғандықтан олар қаржылық қауіпсіздігімізге нұсқан келтіре қоймайтыны анық. Тек шетелдік банктермен мемлекеттік маңызы бар жобаларды қаржыландыратын кезде абай болып, келісімшартты «жеті рет өлшеп бір рет кесу керек» деп ойламын.
– Қазір өзіңіз тәрізді экономист мамандар  «елдегі өнеркәсіпті дамытпайынша, банк жүйесін дамыту мүмкін емес» деген пікірлерді жиі айтады. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Әлбетте, келісемін. Егер банк жүйесінде нақты экономиканы білетін, алдын ала экономикалық болжам жасай алатын азаматтар отырса, бұл мәселе өзінен өзі шешімін табар еді. Байыптап қарасақ, 2007 жылдан бері біздің елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге дейін көбейген. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма? Өндірістің ауқымы қаншалықты кеңейді? Міне, біз кезінде осы жағын тереңдеп зерттеуіміз керек еді. Сол кездері халыққа оңды-солды есепсіз беріліп жатқан несиеге бақылау қойылып, оның орынды-орынсыз жұмсалып жатқаны қадағаланғанда, нақ қазір сіз бен біз өнеркәсіптілік қарқынымыздың әлсіздігі жайында әңгіме қозғамайтын едік. Ол кездері банктер өндіріспен етене жақын араласуды мүлде ойламады. Біле білгенге өндіріс пен банк тығыз байланыста болғанда, негізінен пайда көзі банкке түсетін еді. Өнеркәсіпті, отандық бизнесті банктер арзан несиемен қамтығанда экономикамыз да қарқын алатын еді. Банктер де әр жыл сайын Үкіметтен қолдау қаржы сұрап отырмайтын еді...
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет...
Сұхбаттасқан Қарлығаш Зарыққанқызы
www.qamshy.kz
15 наурыз 2019 ж. 891 0